Қаржы министрі Арысты қалпына келтіру үшін қанша қаражат қажет екенін айтты

/image/2019/07/04/crop-64_52_747x996_64781573_161414141569336_7300806570427004466_n.jpg

Қаржы министрі Әлихан Смайылов 4 шілдеде өткен сенат отырысында жарылыстан бүлінген Арыс қаласын қалпына келтіру үшін 34,4 миллиард теңге қажет екенін айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

"Арыс тұрғындарына 100 мың теңге көлемінде ақшалай өтемақы беру үшін 4,5 миллиард теңге керек. Үкімет резервінен - 2,5 милииард теңге, Түркістан облыстық бюджетінен - 1 миллиард теңге және қайырымдылық көмек есебінен 1,5 миллиард теңге бөлінеді", - деді Смайылов.

Министрдің айтуынша, Арыстағы 7 700-ден астам тұрғын үйді жөндеуге 19,2 миллиард теңге кетеді. Қажет қаражаттың жартысы түрлі өңірлердің бюджет есебінен алынады, қалған ақша үкімет резервінен бөлінеді.

"66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 миллиард теңге керек. Бұл - 54 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт объектілері. 6 миллиард теңгені "Самұрық-Қазына" бөледі. 1 миллиард теңге бизнес қауымынан келеді", - деді министр.

Оның айтуынша, қаладағы электр желілері мен жылу жүйелерін, инфрақұрылымды жөндеу үшін үкімет резервінен 2,2 миллиард теңге бөлінбек. Бәрін қосқанда Үкімет резервінен 15,5 миллиард, жергілікті бюджеттен 10,6 миллиард, "Самұрық-Қазына" қорынан 6 миллиард,  демеушілер мен гуманитарлық көмектен 2,5 миллиард теңге қаланы қалпына келтіру үшін алынады. 

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи