Отанды сүю, туған жеріңді құрметтеу дініміз Исламда да айтылады. Мысалы, Пайғамбарымыздың «Отанды сүю – иманнан», деген сөзінде қаншама терең мән жатыр. Иманды адамның ең алдымен жүрегі таза болары даусыз.
Ал жүрегі таза адамның шынайы сүйіспеншілікке ие екені сөзсіз. Пайғамбарымыз айтып отырған имандылық бар жерде ғана Отанға деген пәк махаббат болады. Исламда бес нәрсені – Отанды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Алла Елшісі бір хадисінде: «Басшы еліне, отағасы жанұясына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», деп, адам баласының келер дүнидегі үлкен жауапкершілігін айқындап берген. Отбасы үшін жауапты мойнына алатын отағасына артылған жүктің салмағы мен туған жеріңе деген сүйіспеншіліктің салмағымен бірдей. Туған жеріңді сүймесең, туған топырағың үшін қызмет етпесең сұраққа тартыларың анық. Өйткені туған жер деген сенің әкең, сенің отбасың, сенің өмірің ғой.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та мақалаларында туған жерге тағзым ету мәселесін жиі көтереді. Бұл мәселенің маңыздылығы сол – егеменді еліміздің жасап берген жағдайының арқасында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер азаматтарды туған жер үшін қызмет етуге шақыру болып табылады. Алла берген дәулетін кәсіпкерлер ел игілігіне жұмсауы азаматтық парызын өтеу болып саналады.
Тарихымызға үңілсек, бар тапқанын ел игілігі үшін жұмсап, ертеңгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған тұлғалар аз емес. Мысалы, 1836 жылы Семей қаласында Тыныбай Кәукенұлы алып мешіт салдырған. Осы күнге дейін смейліктер Тыныбай Кәукенұлын үлкен құрметпен еске алып, мешітке кірген сайын дұға бағыштайды. Бүгінде Тыныбай мешіті еліміздегі көне ғибадатханалардың бірі болып саналады.
Сонымен қатар бұл күндері аты аңызға айналған атымтай жомарттардың бірі Баспай байды ерекше атап өтуге болады. Есіл өзенінің үстіне көпір салдырған, талай мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынған Баспай бай келер ұрпаққа өз ісімен үлгі.
«Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олардың жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ» - деген керемет хадис бар. Адамның атын өшірмейтін осындай ұлы істер әрбір адамды туған жеріне тағзым етуге баулиды.
Туған ауылға, жерге көмек көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Алдағы уақыттарда осындай елге көмегі бар шаралар көптеп атқарылатынына сеніміміз мол.
Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы. Пайғамбарымыз бір хадисінде:
«Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзету бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде нәпіл намаз оқудан қайырлы» депті.
Ұлан-ғайыр кең дала ата-бабаларымыздың асқан ерлігімен, қанымен жеткен. Отан тарихындағы Абылай хан, Хан батыр Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Райымбек, Шыңқожа, Боранбай сынды тағы басқа елге қорған болған алып тұлғаларымыздың есімін жас ұрпақ бүгінге дейін құрметпен еске алады. Осындай елін қорғаған батырлардың ерлігін сәт сайын дәріптеу – жас ұрпақтың санасына Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін сіңіре түсері хақ.
Елбасымыздың: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» дегеніндей, туған жерімізді қастерлеу, топырағын киелі санау арқылы елге, мемлекетке қызмет ету түсінігі қалыптасады. Ал өз Отанын сүймеген адамнан мемлекет қана емес, өз отбасы да зардап шегеді. Сондықтан, балабақша, мектептерде туған жер тақырыбында арнайы пәндер оқытылып, жас ұрпақты Қазақстанды сүюге баулуымыз керек.
Автор: Қайрат Бақтыбай
Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.
Оставить комментарий