«...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» - деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткеніндей, туған жердің қасиеті ерекше екені даусыз.
Әрбір адамның табан тірер туған жері сол адамды елге, жерге деген сүйіспеншілікпен алға жетелейді. Туған жерге деген сағыныш әр адамды түрліше өзіне шақырады. Мысалы, батыр Бейбарыс жаугершілік заманда алыстап кеткен елін сағынғанда, қойнында сақтап жүретін жусанның иісін армансыз иіскейді екен. Жусанды құшырлана иіскеп, туған жерге сағынышын солай басатын Бейбарыс Сұлтан секілді басқа да адамдар ішкі толқынысын түрлі жолмен жеткізері ақиқат. Туған жерге деген сағыныш сол жерге деген құрметті ұлғайтып, өзі туған топыраққа қандай игі іс жасасам деген мақсаттарға жетелейді.
Өзіміз туған Қазақстанның ішінде өмір сүріп жатқандықтан, кейбіріміз өз топырағымыздың құнын бағалай да білмейтініміз бар. Бұл әрине, өкінішті жағдай. Мысалы, біздің көршіміз Жарас аға тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың бірі. Жарас аға отбасымен атажұртқа қайта оралатынын естіген күннен бастап, ауыл болып олардың жолын тостық. Межелі күн келіп жеткенде, тайлы-тұяғымыз қалмай оларды қарсы алуға алдарынан шықтық. Алматының әуежайынан табандары жерге тиісімен туған жердің топырағына тәу етіп, сүйгенде, таңғалдым. Таңданысымды жасырмай, сол кезде атамнан «топырақты сүйгені несі?» деп сұрадым. Жанарына жас үйірілген атам: « Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген, біз осында жүріп, қадірін біле бермейміз ғой, балам. Туған жердің парқы мен нарқын сыртқа шыққанда ғана ұғасың. Бұл ағайынның топырақты сүюі – туған жерге деген шетсіз, шексіз сағынышы», деп түсіндірді. Елім, жерім деп келген сол Жарас ағаның отбасы бұл күнде бір қауым ел болды. Туған жерге тіккен туы желбіреп, күн өткен сайын биіктен көрінуде. Сан жыл бойы атажұртын аңсап келген Жарас аға мен оның отбасы мүшелерінің туған жер үшін атқарған әрбір жұмысы өзгелерге үлгі боларлық. Талай жылдан бері игерілмей жатқан ауыл шетіндегі алма бақты бірер жылда гүлдендірген олар бұл күнде Қазақстанның түкпір-түкпірін алмамен, басқа да жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отыр.
Таяуда «Жарас аға, туған жер тақырыбына әңгіме жазсам деп едім. Сіздің ойыңызша, туған жер дегеніміз не?» деген сұрау салдым. «Туған жер тақырыбының аясы сондай кең. Оны бір ауыз сөзбен жеткізу, бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Әр адам бақыт, бақытты болу дегенді әртүрлі түсінеді және түсіндіреді. Мәселен, мен үшін осы жасқа дейін қол жеткізген бақытым, өзімді шынайы бақытты сезінген сәтім – туған жерім Қазақстанға оралған күнім дер едім. Туған жердің алдында әр адамның өзіндік міндеттері бар. Жер шарында тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама ел бар. Ал Қазақстан бақытты ел. Менің туған жерім – бақыт пен байлыққа, қуаныш пен шаттыққа тұнған жер.
Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек. Қоршаған ортасына, ата-анасына, туған-туысына деген ыстық ықылас Отанға деген сүйіспеншілікке ұласса, ол адамның рухани деңгейінің биіктігі. Ұлтымыздың әйгілі шешені Қазыбек бидің «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», дегені бар. Сондықтан әрқайсымыз Отанымызды, өзіміз туып өскен топырақтың бағасын біліп, ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек. Және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Міне, мен жоғарыда айтқан осы міндеттердің жүзеге асуы ғана туған жер мен оның иесінің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алады»,– деген Жарас аға туған жер деп тек тебіреніп қана қою аздық етеді. Туған жерге деген сүйіспеншілік іспен дәлелденуге тиіс дегенді де айтты.
Автор: Сәбира Сафуанова
Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.
Оставить комментарий