Әулиеата өңірі туристік әлеуеті зор аймақ. Облысымыздың тарихи-мәдени орындарымен қатар, тартымды табиғатымызды әлемге таныта білсек, бұл біз үшін айтарлықтай табыс әкелетіні сөзсіз. Осы тұрғыда Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы тарапынан қолға алынған шаруалар аз емес. Соның бірі – экологиялық туризмді дамыту деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Экотуризмді дамыту арқылы экономикалық ахуалды арттыруға бағытталған жұмыс жоспары негізінде аталған басқарманың бастамасымен жақында Жуалы ауданында экотуристерді қабылдау мақсатында қонақжайлар ашу жөнінде оқыту тренингі өткізілді. «Қазақстанның туристік Қауымдастығымен» бірлесе өткізілген іс-шара мақсаты – халықаралық нарықта Қазақстанның туристік кластерін, сонымен қатар, «Community Based Tourism (CBT)», эко және агротуризмді дамыту.
Жуалы аудандықындағы мәдениет үйінде өткен жиында шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге экотуристерді қабылдау мен қонақжайлар ашудың маңыздылығы және қонақ-үй қызметінің табыс құпиясы түсіндірілді. Германиядағы ауылдық туризм бойынша оқыту турының қатысушысы, «Travelife» еуропалық тұрақты даму туризм желісінің мүшесі Ксения Шевцова және Қазақстан туристік қауымдастығының экотуризм ақпараттық ресурстық орталығының үйлестірушісі, Орталық Азия өңірлерінде ауыл туризмін дамыту жөніндегі ЕО жобасының менеджері, ауыл туризмінің әдіснамасы бойынша жаттықтырушы Алина Даулетбакова қатысушыларға дәріс оқыды.«Prestarted», «Basic», «Advanced» деңгейлері бойынша жүргізілген оқыту тренингіне Жуалы ауданынан 20 кәсіпкер қатысты.
Семинарда, туристке жоғары дәрежеде қызмет көрсетудің озық үлгілері, астандыру және ас мәзірін әзірлеу сынды басты мәселелер қамтылды. Қонақ үй бизнесінің табысы мен тиімділігі баса көрсетілді.
Мұнан соң туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова қатысушыларды облыстағы теңдессіз жоба: «Қаралма тау-шаңғы базасының» құрылымымен таныстырды. Жылына 40 мыңнан аса туристерді қабылдауға қауқарлы жобаның туристік салада болашағы зор. Сондықтан да осындай туристік кешендердің туристер ағымына қызмет көрсететін орын ретінде маңыздылығы жоғары. Басқарма басшысы осы тұста кәсіпкерлерді біріге жұмыс істеуге шақырды.
Қазіргі таңда Жуалы ауданында қауымдастықтарға негізделген ауылдық туризмді дамыту бойынша барлық алғышарттар жасалған. Өйткені, ауданның экологиялық жағдайы мен табиғаты бұл бағытта жұмыс жұмыс жүргізуге өте қолайлы.
Оставить комментарий