2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы түрлі айтулы оқиғалардың қарт шежірешісі. Мұнда әлем тарихына белгілі адамдардың ізі қалған. Олардың арасында танымал өнер жұлдыздарының да бір шоғырын кезіктіруге болады. 1975 жылы сол кездегі Жамбыл қаласына жұмыс сапарымен келген СССР Халық әртісі Юрий Никулин мен СССР-дың еңбек сіңірген әртісі Людмила Гурченко мұнда «Соғыссыз өткен жиырма күн» фильмінің кей эпизодтарын түсірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі орыс жазушысы Константин Симоновтың сценариі бойынша түсірілген «Соғыссыз өткен жиырма күн» фильмі оның соңғы туындыларының бірі болып табылады. Ал фильмге Алексей Герман бас режиссерлік еткен. Айтпақшы түсірілім кезінде кинокартинаның бас кейіпкерлері атақты Юрий Никулин мен Людмила Гурченко сол кездегі Жамбыл қаласындағы ең ірі Шоқан Уалиханов атындағы кинотеатрда жамбылдықтармен жүздескен. Кездесу барысында әртістер жаңа фильмнің түсірілу барысы және және оның кейіпкерлері туралы әңгіме өрбіткен.
Фильм Ұлы Отан соғысының қызған шағында 20 күндік демалыс алып елге оралған әскери журналист, жазушы Василий Лопатиннің бастан кешкен оқиғасымен өрбиді. Осы демалыста жауынгер өзінің ерлікпен қаза тапқан қаруласының Ташкент қаласында тұратын туыстарына жолығып, заттарын өз қолымен табыстауды жөн деп санайды. Осында жер аударылған өз әйелімен де жолығып, өз авторлығымен түсіріліп жатқан фильмнің барысымен танысқан майор елі үшін, үмітті көзбен майданнан әкесін күткен бүлдіршіндердің, сүйіп қосылған жарын күткен әйелдердің көзіне қарап майдан сапын толықтыру азаматтық борышы екенін түсінеді. Фильм Ұлы Отан соғысының ең бір шешуші кезеңіндегі елдің жағдайын анық суреттейді. Әсіресе «Бәрі де майдан үшін» деп жан таласқан халықтың әрекеті елде демалып жатқан офицерге үлкен ой салады. Сондай-ақ майданға кеткен ерлерінен қара қағаз келсе де үміт үзбеген кеңес әйелдерінің қайсарлығы мен табандылығына тәнті болады.
Осынысымен фильм 1977 жылы Франциядағы жыл сайынғы Жоржа Садуля атындағы сыйлыққа ие болды. Ал 1987 жылы бұл кинокартина Роттердамдағы халықаралық кинофестивальде сыншылардың оң бағасына ие болып, арнайы тағайындалған сыйлыққа қол жеткізді.
Оставить комментарий