«Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республикадағы цемент өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорын саналады. Жылына 1,2 миллион тонна цементті өндіріп, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттайтын өндіріс ошағы өзінің өндірістік қуатын екі есеге дейін арттыру мүмкіндігін қарастыруда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
2010-2014 жылдар аралығындағы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылған компания өзінің өндірістік қуатын еселеуде екінші технологиялық желіні іске қосуға иек артып отыр. Аталған желінің іске қосылуымен компанияның өндірістік әлеуеті еселеніп қана қоймай жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берілмек. Қазірдің өзінде кәсіпорында 240 адам жұмыс жасайды. Компания тарапынан жұмысшыларға өте қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасалынған. Атап айтқанда мұндағы жұмысшылар Балқаш көлі жағасындағы «Самал» деп аталатын қалашықта тұрады. Сондықтан да оларға жұмыстан бос уақытта емін-еркін тыныстаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Компания жұмысшыларының балаларының мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі толықтай шешімін тапқан. Сондай-ақ олардың мектеппен қамту, медициналық қамтамасыз ету секілді түйткілдер толығымен шешілген. Мұндағы шағын маркет пен кітапхана, фитнес мен бильярд, кинозалдары мен тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары да өндіріс ошағы қызметкерлерінің жұмыстан қолы қалт еткенде емін-еркін демалуына сол арқылы еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады.
Компания басшылығы өндірістік нысандардағы еңбек қауіпсіздігін де басты назарына алған. Сәйкесінше еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Әрі қауіпті өндірістік жағдайларда жаңа технологияларды қолдану есебінен соңғы үш жылдың ішінде «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндрістік ныандарында бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеген.
Жалпы соңғы жылдары Жамбыл өңіріндегі кәсіпорындардың қуаты еселеп артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикадағы химия өнеркәсібі өнімінің 30 пайызын беретін облыста өндіріс көлемін 39,2 пайызға арттырған.
Оставить комментарий