Балақайларға шаттық сыйлады

/image/2019/10/16/crop-38_275_1411x2509_balaqaylargha-shattyq-syylady.jpg

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: "Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол салауатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады" - деп, халықтың дене шынықтыру және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне көңіл аударғаны белгілі.

Осыған орай Жамбыл облысының түкпір-түкпірінде жаңа спорт нысандары ашылып, жергілікті азаматтардың бұқаралық спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалуда. Осындай нысанның бірі Байзақ ауданындағы Бурыл ауылында ашылды. Жеке кәсіпкер Қуаныш Шерметовтің демеушілігімен бой көтерген жаңа типті шағын футбол алаңының ашылу салтанатына аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерік Әліқұлов қатысты.

Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов елден шыққан азамат Қуаныш Асанұлының ел игілігі үшін атқарған мәрттік ісіне алғыс айтты. Сонымен бірге, аудан аумағында атқарылып жатқан бірқатар игі істерге тоқталып өтті. "Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Осы "Алинұр - Арена" шағын футбол алаңынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп шықсын" - деді Дәуір Рысбайұлы.

Шағын футбол алаңшасында жанкүйерлер отыратын орындық, жаңа қақпа, жасанды төсеніш салынған. Өз қаражатынан 15 миллион теңге жұмсап, заман талабына сай шағын спорт алаңын салған кәсіпкерге ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Зейнеткер Орынбай Әжібеков тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ауылдықтардың міндеті екенін айтты.

Салтанатты шара соңында жаңа футбол алаңының лентасын жеке кәсіпкердің әкесі Асан ақсақал мен еңбек ардагері Орынбай Әжібеков қиып, шашу шашылды. Ауыл өнерпаздары Ерлан Маширов "Ауылға", Шәрден Асылай "Ассалаумағалейкум" әндерін әуелете шырқады.

Салтанатты жиын соңы ауылдық округтерден жасақталған сегіз команда арасында өткен футболдан әуесқойлар жарысына ұласты. Турнир нәтижесінде "ҚазТрансГаз" командасы бірінші орынды иеленсе, жүлделі екінші, үшінші орындар тиісінше "Көктал" және "Құмжота" командаларына бұйырды. Жарыс жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан командалық және жекелей Дипломдар, медальдар, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи