Бұрынғы әміршіл-әкімшіл жүйе болмысымызға сіңіп, буынымызға түскені соншалық, біз бәріміз жаман болуымыз бек мүмкін, бірақ патшамыз олай болуы тіптен мүмкін емес деген ой бар. Кешегі кеңес адамы саяси билікке (ел басқарғандарға) сын (шын) көзқараспен қарамақ тұрмақ, олар турасында алабөтен ой ойлаудың өзін өздеріне кешірілместей күнә санады.
Шіркін, саясат жадылаған сана сырқатының өміршеңдігі-ай дерсің... Біз өмір деп жүргеніміз – өтіріктердің өзгерген (дамыған) өңі ғана екен (Бар болғаны большевиктік идеяның бетіне аз ғана опа-далап баттастырып, алқызыл киімді көгілдір түске айырбастай ғана салыппыз).
Шындық жүзі тұтылған қоғамда донкихоттық ерліктің дәуірі туып, лыпадан лашық жасаудың өзі ұлы өнерге айналады деп кім ойлаған, тоба?..
«Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды», – депті Абай жарықтық. Біз осы ТӘУЕЛСІЗДІКТІ елбасымен, МАХАББАТТЫ мақтанмен алмастырып алғанға ұқсаймыз. Елдің мәңгілігін бір ғана адаммен елестеткен есерлігімізді айтпағанда, бірер сағаттар емес, тұтас тәуліктер бойы төпелеген мадақ пен одаға қай жанның салауаты шыдас береді дейсің (Бұл арада дінді саяси құралға айналдырған дүмшелердің ұсақ уағызға бөккен мадағы жайындағы сөз тіптен басқа).
ТЕГІНДЕ, ЕЛДІҢ ШЫН ПЕРЗЕНТІНЕ ДЕГЕН ТІЛЕКТЕСТІГІ МЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІ БҰЛАЙ БОЛМАСА КЕРЕК ЕДІ.
Үрей мен қорқыныш билеген бақай есеппен «жақсы» көру біз сөз етіп отырған биік МАХАББАТҚА үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Рас, рухани тұрғыдан әбден тоқырадық. Материалдық жағдайымыз тіптен күлкілі. Қазақтың кедейлігін мұхитта жүзген балықтың суға шөлдегенімен салыстыруға болатын шығар.
Тіріде (көкбет оппозицияның шайпау ғайбаты емес) ауызы дуалы бір қариямыз қазіргі халімізге (тек қарашаның ғана емес) ханның да қатысы бар екенін ашалап тұрып айтатын уақытын көп күткен едік. Үміт ақталмады. Бұл – Бұқар болуға деген қазақ құлшынысының толыққанды семгенін көрсетеді. Әрине, махаббат тұрғысынан.
Хан қайткенде қателеседі? Қытықшыл сауалға берілген алуан түрлі жауап көп. Соның бірі Шәкәрімнің төмендегідей өлеңі. Қажы бүй дейді:
Наушеруан аңда жүріп киік атқан,
Аң етін жемек болып асып жатқан.
«Ет піскенше тез кел, – деп бір жолдасын,
Тұз әкел», – деп жұмсапты бір қышлақтан.
Қайтадан шақырып ап талай жерден:
«Тұзды тегін алма», –деп әмір берген.
«Шымшым тұз бір тиынға татымайды,
Бұ қалай?» – деп уәзірі тұра келген.
Наушеруан айтқан сонда: «Ей, уәзірім,
Айтайын, жақсы тыңда мұның сырын.
Басшы алса бір алманы баға бермей,
Қосшы құртар алманың түп тамырын.
Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын,
Кесерсің мың тауықтың сендер басын.
Сүйте-сүйте ашылып арандарың,
Ағызарсың бұл елдің қанды жасын».
Жебір ұлық халқына қас қылады,
Көңілін шерлі, көздерін жас қылады.
Қиянат қылдай істен басталмақшы,
Ескермесе, аз науқас асқынады.
Мал, мансап, адамзатты мас қылады,
Мейірімді ет-жүрегін тас қылады.
Тәкәббар, әділетсіз залымдарды
Бағы қайтқан сорлы елге бас қылады.
Шын атын Наушеруанның ел білмейді,
Тілі келмей «Мұсырауын әділ» дейді.
Ақжүрек әділдердің қылығы анау,
Жебір ұлық зарлатып елді жейді.
Мұны айтсаң, алатындай тілді кесіп,
Мақтанады менен кім әділ десіп.
Теңдіктің атын естіп, дәмін татпай,
Өтеміз де жүректі қайғы тесіп.
P.S. Ғибратты ғазалға ешқандай түсіндірменің қажеті жоқ. Бір айтпағымыз, мәртебелі патшамыз ғана емес, кез келген кеме басшылары осы бір өлеңді жұмыс төріне (дұрысы жүрегінің төріне) іліп қойса, қандай ғаламат болар еді, шіркін...
Ықылас Ожайұлы
Ақын