Коронавирусқа байланысты Қытайдан келген 500-ден астам қызметкер жұмыс орындарына келе алмай отыр. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев департамент алқасынан кейін мәлімдеді.
– Бізде жер қойнауын пайдалануға арналған 260 келісімшарт бар, 800 ге жуық маман осы мұнай-газ компанияларында жұмыс істейді. Олардың 350-і коронавирустың әсерінен Қазақстанға кіре алмай отыр, – деді Ноғаев.
Сонымен қатар, Атырау облысында полипропилен өндірісі жобасы жүзеге асырылуда, оған 400 Қытай азаматы тартылған.
– Бүгінде 161 Қытай азаматы елге кіре алмайды. Бірақ жергілікті атқарушы органдары мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалануды қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануда, – деп айтты энергетика министрі.
Еске сала кетсек, бұған дейін қытайлық газ компанияларының бір бөлігі форс-мажор деп жариялап, газ бағасы арзандағаны туралы хабарланған болатын. Қытай сонымен бірге мұнай импортын қысқартты, бірақ бұл бағаның төмендеуіне әкелді.
Оставить комментарий