Еліміздің бірнеше өңірінде азық-түліктің бағасы көтеріле бастады. Әсіресе халық көп тұтынатын тауарлардың құны рекордтық көрсеткішпен өсуде. Бұл туралы «Қамшы» порталы КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қымбатшылық, әсіресе Петропавл, Қостанай және Тараз қалаларында қатты сезіліп жатыр. Оның үстіне кейбір азық түрлері тіпті дүкендерде жоқ. Әр аймақта бағаны тұрақтандыру үшін арнайы штаб құрылғанымен, кәсіпкерлер әкімшіліктің әміріне көнетін емес.
Петропавлда дүкен сөрелерінен үш күн бойы жоғалып кеткен қант тек 25 тамызда ғана пайда болды. Бірақ бағасы аспандап, тұрғындардың қалтасына салмақ салуда. Келісі 160 теңгеден сатылған шекер 200 теңгеге шарықтап кеткен. Сұйық май мен ет құнының көтерілуі де тұрғындардың ызасын туғызуда.Тіпті, ірімшіктің бастапқы құны 650 теңгені құраса, девальвациядан соң 900-ге жеткен.
Қостанайда да азық-түліктің бағасы мың құбылып тұр. Ресейден тасымалданатын өнім 5-10 теңгеге көтерілсе, импорттық тауар құны 20 пайызға шарықтаған. Бұл жағдай жұртқа қатты сезіліп жатқан жоқ. Себебі әзірге қордағы тауар саудаға шығуда. Енді жаңа өнім түскенде қымбатшылық болуы бек мүмкін. Бірақ бұл дүрбелеңді шенеуніктер байқамайтын тәрізді.
Жамбыл облысының жұрты енді қантпен мүлдеп қош айтысуы ықтимал. Аймақтағы көтерме сауда орындарында қант атымен жоқ. Кей жерлерде болған күннің өзінде құны тым қымбат. Бұған дейін 3500 теңгеге сатылған бір қап шекер, 4500-ге бір-ақ жетті.
Саудагерлер Тараздағы қант зауыты жұмысын тоқтатты деген уәж айтуда. Сол себепті делдал фирмалар тауар жеткізбей жатса керек. Алайда шекер шығаратын өндіріс басшылығы өнім тапшы деген бекер деп отыр. Әр өңірде, бағаны бақылау үшін арнайы штаб құрылған. Бірақ әзірге оның жұртқа пайдасы шамалы.
Гүлден Әбдібақыт