Б.Сапарбаев А.Сәрінжіповке мемлекеттен бөлінген миллардтар үшін жауап беретінін ескертті

/uploads/thumbnail/20170708193141866_small.jpg

Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің 4 жылдық атқарған шаруалары мен реформаларына қатысты өзінің сыни пікірін білдірген. Бұл туралы «Қамшы» порталы Today.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бүгінгі күндегі статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы колледждер мен ЖОО түлектерінің 37 пайызы жұмыссыздар санатына кіретіні белгілі болған. Осыған орай вице-премьер Бердібек Сапарбаев Астанада өткен педогогтардың дәстүрлі республикалық тамыз кеңесінде Сәрінжіпов мырзаның министрлігіне ашық наразылығын білдіріп, БҒМ жұмысы көңіл толтырмайтынын айтқан.

«Біздің бүгінгі жеткен нәтижеміз қандай? Біздің колледждер мен жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған жас мамандарымыздың 37 пайыздан астамы жұмыссыздар санатында. Сонда біз кімдерді даярлап жатырмыз?  Осы мәселені қашанғы айта беруіміз керек, Аслан Бәкенұлы? Әсіресе, экономисттер, жас заңгерлер оқуларын бітіріп алып, босқа сандалып жүреді. Тіпті, мұның артында мемлекеттік гранттар мәселесі тағы бар. Мемлекет қазынасынан қаржы бөліп, грант берген түлектердің ішінде техникалық лицейлерде оқығандардың 57 пайызы, жоғарғы оқу орындары түлектерінің 80 пайызы осы мәселемен бастарын қатырады. Біздің мемлекет қамқорлығына алып, арнайы тағайындаған грант иегерлерінің кемінде 99 пайызы жұмыспен қамтылуы керек емес пе?! Бұл қалай Аслан Бәкенұлы?»,-деді вице-министр Бердібек Сапарбаев.

Оның пікірінше, негізгі мәселенің тағы бір ұшы сол колледж, ЖОО жетекшілеріне келіп тіреледі. Әсіресе, мемлекеттік емес оқу орындарында шикілік деген  жетіп артылады,-дейді вице-министр.

«Өкінішке орай сол білім беру мекемелерінің, ЖОО, колледж басшылары әр нәрседен қорытынды жасай алмайды. Болғаннан сабақ алмайды екен.  Олардың көксегені тек біреу ғана – көбірек қабылдасақ екен. Болды. Қазір министрлік бұл мәселені жіті қадағалап отыр және біз бүкіл жүйені ауыстыратын боламыз. Қазір жобалар дайындалуда.  Маған мысалы, ана балалардың болашағы аянышты көрінеді.  Олардың ата-аналарына обал ғой. Бәленбай жыл бойы қыруар ақшаны төлейді келіп. Ал нәтижесінде түк те жоқ»,-дейді Бердібек Машбекұлы.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы ҚР БҒМ-адығ реформаларға да тоқталған. Сапарбаев мырзаның айтуынша, БҒМ-дағы қазіргі жүйе өз жемісін бермейтіні анық.

«Менің ойымша, бүгінгі күнде осыдан 4 жыл бұрын біз жасаған реформалар мен шешімдер алғашқы нәтижелерін беру тиіс болған. Өкінішті. Нәтижесінде түкке де қол жеткізе алғанымыз жоқ. Тіпті, бүкіл  оқулықтарды жаңарту, колледждер мен ЖОО оқыту программаларын жаңартудың да нәтижесін көрмей тұрмыз.Сіздің басшылық осыны ескеруі тиіс. Біліп жүріңіз, күндердің күні мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан миллиардттардың сұрауы болады. Соны ескеріңіз»,-деді Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Машбекұлы.

Иә, былығы мен шылығы бір басынан артылып жататын БҒМ төңірегіндегі дау араға уақыт салып, көтеріліп тұру әдетке айналып кеткендей. Біздегі реформашыл жүйенің реформашыл министрлігі туралы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары аз жазып жүрген жоқ-ты.

Аслан Сәрінжіпов мырзаның өзі экономика ғылымының кандидаты атағымен қатар, жоғары білім беруді әкімшілендіру бойынша АҚШ-тың Пенсиль­ва­ния университетінің докторы дәрежесіне ие. БҒМ басшылығына Сәрінжіпов келгенде  министр нақ өз саласы бойынша келіпті деп, жаңа өзгерістер күткеніміз жасырын емес. Тіпті, министр болғанға дейін оның Назар­­ба­ев университетінде еңбек еткенін ескерсек, отандық білім беру саласын жаңарту жұмысы қиынға соқпауы тиіс еді.  

БҒМ тізгінін ұстаған алғашқы уақыттарда Аслан Сәрінжіпов мырзаның «Ба­лабақшалардың санын барынша арт­тырсам, мектептерде білім бе­рудің жаңа стандартын ен­гіз­сем» дегені ел есінен ұмытыла қойған жоқ. Сонымен қатар, министр  мем­ле­кеттік университеттерді жаппай же­ке­меншікке көшіргісі келетінін айтып,  өз қазақшасы ке­ремет бол­ма­са да, қазақ ті­ліндегі білім беру ошақтарының са­нын арттыруға мүд­делік танытқанда ішіміз бір жылып қалған еді. Алайда арада көп өтпей-ақ, министр мырза сөзінен тайқып шыға келгені жасырын емес. Вице-министр Бердібек Машбекұлы атап өткендей, Сәрінжіпов мырза қабылдаған реформалар әзірге жемісін бермей тұрғаны рас-ақ.

Енді вице-министрдің ескертпелерін мұқият түсініп, сол басталған жұмыстарды жалғастыру, қатесі болса түзеп, баспасөздің орынды сыны мен ұсынысына сергек қарап, аталған саланың жамбастап жатқан шаруасын қолға алу – министр Аслан Бәкенұлының жауапкершілігіне жүктелетіні түсінікті.  Айтпақшы, біздегі қалыптасқан үрдіс бойынша  алдыңғы басшының жұмысын көзге ілмеу, көзге ілу былай тұрсын жоққа шығарып, оны жылы жауып қоя салу – дәстүрі Сәрінжіповтен де айналып өтпегені ме? Солай сияқты. Елбасының ерекше сеніміне ие болған, Білім министрі Аслан Бәкенұлының басына неге бұлт үйіріле береді? Әлде Аслен Сәрінжіпов те билік дәлізіндегі қалыптасқан дәстүрге мойынұсынып қалғаны ма? Әуелдегі берген уәде, алдыға қойған мақсаттар қайда, Аслан мырза? 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Связанные Статьи