Тоқаев: Әрбір үшінші қазақстандық онлайн садақа беруді жөн көреді

/image/2020/12/08/crop-7_3_493x876_img_20190726_103141_100.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер жылының ресми жабылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады. 

Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде волонтер жылының табысты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, "қайырымды істер" жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды. Президенттің пікірінше, отандастарымыз ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

– Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.  Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, – деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінде волонтерлік және қайырымдылық қызметтердің, сондай-ақ корпоративтік волонтерлікті дамыту аясында әлеуметтік серіктестіктің әлеуетін арттыруға баса мән берілді.

Қазақстан әлемнің әртүрлі елдеріндегі мұқтаж жандарға көмек қолын созу арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан елдердің бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бас ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді.

Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор, – деді президент.

 

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи