21-23 тамызда облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасы бойынша «Қазына Жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Біркөлік шатқалы "Бәйшешек" лагерінде "Бірлігіміз жарасқан "Достық" лагері" өтті. 3 күндік лагерьде аудан, қалалардан келген белсенді жастар спорттық сайыстар мен өнер байқауларына қатысып, жастардың достығы мен белсенділігін арттыруға бағытталған семинар-тренигтерден өтті.
Жастар облыс әкімінің орынбасары Айтаханов Ерлан Қуанышұлымен кездесіп, көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Қазақстандағы қаржылық жағдай, студенттердің жол ақы мәселелері, жастарды баспанамен қамту, талантты жастарды арнайы номинациялар бойынша марапаттау сынды ұсыныстар мен сұрақтар қойылды.
Ерлан Қуанышұлы жастарды солтүстік өңірлерге жұмыс жасауға шақырды. Қоныстанушыларға тегін үй-жай, жер учаскесі беріліп, әлеуметтік қолдау көрсетілетіндігін айтты. Қазақстандағы қаржылық жағдай бойынша халық арасында түсіндірме жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын, Үкіметте селектор өткендігін, тиісті көмектер көрсетілетіндігін жеткізіп, халықты даурықпауға шақырды.
Лагерьде облысымыздың 200-ге жуық жастары 4 топқа бөлініп, өзара түрлі ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсетіп, тағамдарын әзірлеу бойынша сайыстарға түсті. Таныстығына аз уақыт болса да жастар топпен жұмыс жасай алатындығын көрсетіп, достық лагерінің шырайын кіргізді.
Достық лагерінің соңында белсенді жастар марапатталды. Кентау қаласынан №6 мектептің оқушысы Чарыкулиев Кемал мен №24 мектептің оқушысы Төребек Еркебұлан "Робот" биімен көрермендердің көзайымына айналды. Қашғари мектебінің 10 сынып оқушылары Сатанова Дияра, Абдукадирова Диана, Айнитдинова Гулбахор, Айнитдинов Мирсаид және ККК түлегі Әбдіраман Ұлдана белсенділік көрсетті.
Жастар Достық лагерін ұйымдастырушысы «Қазына Жастары» қоғамдық бірлестігіне және қалалық «Жастар орталығына» алғыстарын айтып, келесі жылы да осындай іс-шаралардың өтуіне тілек білдірді.
«Жастар орталығының» инспекторы М.Мамуджанова