Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров мұсылман мемлекеттерінің басшыларына, соның ішінде Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Тәжікстан Республикаларының Президенттеріне үндеу жолдаған.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парарқашсында босқын мұсылмандарға қамқорлық көрсетіп, Батыстың қатыгез саясатына қарсы тұруға шақырған. Бұл туралы «Қамшы» порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шешен басшысының мұсылман мемлекеттері көшбасшыларына жолдаған үндеуінің қазақ тіліне аударылған нұсқасын «Қамшы» порталы назарларыңызға ұсынады.
Рамзан Қадыров, Шешенстан лидері:
«Ассаламағалайкум! Жиырма бірінші ғасыр! АҚШ пен Батыс елдері биік мінберлерден әлемдегі демократия, адам құқықтарын қорғау жайлы айтып, дүниеде адам өмірінен асқан байлық жоқ дейді де, өздері миллиондаған бейбіт тұрғындардың трагедиялық өлімінің себепшісі болып отыр. Мысалы, Ауғанстан, Ирак, Сирия, Палестина, Ливия, Йемен, Алжир, Судан, Сомали және басқа да мұсылман мемлекеттерін ашық қырып-жоюда. Бұл елдерді АҚШ пен Батыс қиратты, экономикасын күйретті, ішкі жанжалдар тудырды, бейбіт тұрғындарды босқын болуға мәжбүрледі. Бүгінде сол елдердегі соғыс пен аштықтан мыңдаған босқын Еуропаға қашуда. Бірақ, олар Жерорта теңізіне батып жатыр, жүк көлігінде тұншығып жатыр. Теңіз олардың қабіріне айналуда. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен еуропа елдері басшылары бұл жайға алаңдаушылық білдіруде екендіктерін жеткізген. Қазіргі таңда соғыс жолымен мәселені шешу мүмкін емес. Ал, Еуропаның айналысып жатқаны да осы. Алланың елшісі (с.а.у.) «мұсылмандар бір-бірлеріне көмектессін» деп айтқан. Бүгін мыңдаған мұсылман, қариялар, әйелдер, балалар өліп жатыр. Ал мұсылман мемлекеттерінің осы жағдайда қол қусырып қарап отыруға хақылары жоқ. Үнсіз қалмауымыз керек. Махшарда осының сұрауы ауыр болады. Мен қолымнан келген көмегімді аямаймын. Мен мұсылман ретінде бәріміз бір Алланың құлы екенімізді ескертемін. Біз әлсіздерге қорған болып, мұқтаждарға көмек қолын созуымыз керек.
Сондықтан да, Түркия, Сауд Арабия, БАӘ, Катар, Оман, Бахрейн, Кувейт, Иоардания, Индонезия, Малайзия, Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан Республикаларының басшыларын дініміздегі бауырларымызды қорғауға шақырамын. Егер Батыстың қатыгез саясатына бүгін қарсы тұрмасақ, ертең осы мемлекеттердің кез келгеніне қауіп төнері сөзсіз. Кәне, бүгіннен бастап бір шешім қабылдайық! Біз мыңдаған адамды өлімнен құтқарып қала аламыз! Ертең кеш болуы мүмкін. Аллаху Акбар!!!».
Нұрзат Тоғжан