11 қыркүйек күні «Қамшы» порталында Қостанай және Ақтөбе облыстары әкімдері қызметтерінен босатылуы мүмкін атты мақала жарияланған болатын.
Онда Қостанай облысының әкімі қызметіне үш бірдей кіші шенеуніктің кандидатурасы қарастырылуда делінген.
Бұл жаңалық қазақстандық БАҚ-нда жарияланып үлгермей жатып, 14:00-де Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қостанай жұртшылығына жаңа әкімді, дәлірек айтсақ, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетовты таныстырған. Осылайша 51 жастағы Нұралы Садуақасовтың орынтағы ендігі жерде жаңа әкім – 43 жастағы Архимед Мұхамбетовке тиесілі болды.
Ал Қостанай облысның бұрынғы әкімі Нұралы Садуақасовтың қызметінен не себепті кеткені туралы нақты ақпараттар жарияланбағанымен, соңғы уақытта қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан «саунадағы қойылым» себеп болуы мүмкін деген сыбыс тараған. Ақорда мен Үкіметтегі тосын ауыс-түйіс саяси сарапшыларды да таңқалдырып отырғаны жасырын емес. Десек те, Президент мырза Ақтөбе облысының әкімі лауазымына кімді тағайындайды деген сауал әлі жауабын тапқан жоқ.
İnformburo.kz сайтының хабарлауынша, вице-премьер-министр Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Ақтөбе облысының жаңа әкімі болып тағайындалды.
1990-жылдары Бердібек Машбекұлы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімі болды. Әр жылдары Бюджеттік жоспарлау және экономика вице-министрі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі т.б. лауазымды қызметтерде болған. Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған. Ал 2014 жылдан бастап ҚР премьер-министрінің орынбасары болып қызмет атқарып келді.
Сапарбаев Үкіметке несімен жақпай қалды?
Демогогияға құрылған ҚР Үкіметінің тұрралаған тіршілігі туралы «Қамшы» порталы аз жазбаған. Қанша жылдан бері жібі түзу басшыға жарымай келген Қазақстан үкіметіне Бердібек Машбекұлының келуі – жоғарғы билікте «ренессанс» дәуірі басталғанмен пара-пар еді. Үкімет жасағына қосылғанына бір ғана жыл болғанымен Бердібек Сапарбаев халықтың көз алдында әдеттегі тынымсыздығымен қалды. Бір жыл, әрине, аз уақыт емес. Cонымен, Сапарбаев бір жыл ішінде не тындырды? Не атқарды? Нені ұмыт қалдырды? «Қамшы» порталы сараптап көрген болатын.
Бердібек Сапарбаевтың Үкіметтегі бір жылдық қызметінен түйгеніміз, ұялмай сөз етерлік біршама ауқымды шаруалар атқарылыпты. Барлық салада.
Экономика болсын, әлеуметтік сала болсын, руханият саласы болсын…
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің ізіне шам алып түскені туралы осыған дейін жазған болатынбыз. Бердібек Машбекұлының сесті сөздерінен цитаталар келтіре кететін болсақ, «Еліміздің жоғарғы оқу орындарын Бас прокуратура жаппай тексертемін» деді, «Саналы студент емес, болашақ жұмыссыздарды әзірлеп жатқан университеттер мен колледждердің есігіне қара құлып салынады. Ал облыстарды айтпағанда, Астанадағы мақтаулы екі оқу орнын аралаған Бердібек Сапарбаев оны көріп ұялдым», деді.
Реформа қуғыш Білім министрін қатал сынға алды, Астанада отырып алып аймақтағы былықты білмейтін Сәрінжіповтің шаңын қақты.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға да біраз шүйліккен. «Сылбыр жұмыс істейсіздер» деп сынады.
Әсіресе былығы мен шылығы көп ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлының да шаңын қағып алған.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауда дәл осы Бердібек Машбекұлының ықпалы жоғары екенін атап өтпеске болмайды.
Иә, Бердібек Сапарбаев бір жыл ішінде өзіне де, өзгеге де тыным бермеді. Кабинетте отырмады. Бәлкім осы үшін де Мәсімов Қазақстан Үкіметін Бердібек Машбекұлынан «құтқаруды» ойлаған болар.
Түйін: Үкіметтегі ұлтжанды басшылардың бірегейінің өзін шүрегейлер көп көрді. Сонда Сарапбаев кімнің жолын кесіп кетті?!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Оставить комментарий