Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Сайт мәліметінше, премьер-министр Қазақстанда цифрлық платформа құру туралы мемлекет басшысының берген тапсырмасының орындалу барысы жайында баяндаған.
"Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж азаматтарды сапалы баспанамен барынша қамтамасыз ету мақсатында үкіметке "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын толыққанды іске асыруға қатысты проблемаларды шешуге ерекше назар аударуды тапсырды" делінген ресми сайт таратқан хабарламада.
– Үкімет жергілікті маңызы бар жоғары сапалы жолдарды жөндеу және салу мәселелерімен айналысуы керек, – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, азаматтарға вакцина салуды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету және биылғы белгіленген шекке (6 млн адам) қол жеткізу мәселесі де өзекті.
Сондай-ақ мемлекет басшысы үкімет пен облыс әкімдеріне азық-түлік бағасының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды.
Оставить комментарий