Кешегі күннің өткір сөзі Президенттің аузынан шықты. Жоқ жерден «қамшы үйірді». Айтқан жері де - айрықша. Ханнан ақырып теңдік сұраған Сырым батыр, Исатай мен Махамбеттер ат тұяғын дүбірлеткен Атырау жерінде айтты. Сондағы айтылған сөз мынау: «...Осындай қиын-қыстау кезеңде елді арандататындар шықса, оларды әкесін танытып заңмен жазалаймыз». Дұрыс айтады! Қазақстанда «әкесін танымай» кетіп, елді арандатқандардың қатары «қойдай өріп» жүр. Соларды да осы жазаға іліндіру қажет. Атап айтқанда:
- Тәуелсіздікті алғанымызға 24 жыл болса да, экономиканы әр тараптандыруды жүзеге асыра алмаған Үкіметтің «әкесін таныту» керек;
- Қазба байлығымыз көп, шалқып өмір сүретін «екінші Кувейт» боламыз деп елді алдаған арандатушының «әкесін таныту» қажет;
- Көрші елдің жерін тартып алып, оның төрінде ойран салып жүрген елмен Одақ болуды қалап, елді «қораға тыққан» арандантушылардың «әкесін танытуға» тиіспіз;
- Көрші елде экономикалық дағдарыс басталғанда оның алдын алумен айналысудың орнына Президенттік сайлауды ерте өткізіп, елді дүрліктірген белсенділердің «әкесін танытып», алда-жалда мұндайды қайталамайтындай ету керек;
- Байлықтарын шетелге асырып, оны өзге елдің банктерінде шетелдік валютамен сақтап, теңгені менсінбей отырған арандатушылардың «әкесін танытып» жіберуге тиіспіз.
Айта берсек, көп секілді. Осымен біз доғарайық. Тағы арандатушылар болса, осы тізімнің соңына қосу керек. «Темірді қызған кезде соқ» демейтін бе еді?! Құқық қорғау мекемелері әрі қарай іліп алып кетер...
Дәулет Көптілеу