Бір күні ауа жұтқанымыз үшін, дәретханаға барғанымыз үшін, қысқасы биологиялық қажеттіліктің барлығын өтеу үшін салық төлемесек болғаны. Салық түрлерінің көбеюі барлық тарихи жағдайда халықтың дүмпу жасауына алып келген. Теңгенің тағдырына алаңдаған халықтың онсыз да жүйкесі жұқарған. Бәлкім, қазіргі болып жатқан жағдайлардан ел назарын аударғысы келді ме, қысқасы әлеуметтік желі әлеміне арнайы талқылайтын тақырып тауып берді. Қазақстан мұсылмандарының одағы (ҚМО) мен Орталық Азиядағы адам құқықтары бойынша мұсылмандар комитеті Қазақстанға сексуалды салық енгізу ұсынысын жасады. Бұндай идея жидектер мен саңырауқұлақтарды жинауға үкіметтің салық енгізуінен кейін туындаған. Ұйым басшысы Мұрат Телібековтің өзінің Facebook парақшасында жарияланған ҚМО баспасөз хабарламасында одақ қызметкерлері жетекші экономистер және сексологтармен ақылдаса отырып, интимдік салаға салық салудың жүйесін ойластырып қойғаны айтылады. Әрине бұл жай ғана ұсыныс(ауызекі тілмен айтсақ, сандырақ). Алайда бұл ұсыныс қазір әлеуметтік желілерде қарқынды талқыланып жатыр. Ұсыныста «Заңды некеге тұрған әрбір қазақстандық 1 жыныстық қатынас үшін 584 теңге төлеуге міндетті. Егер жыныстық қатынас азаматтық некедегілердің арасында болса, салық 748 теңгені құрайтын болады. Некесіз жыныстық қатынас – 1893 теңге. Гейлер мен лесбилердің жыныстық қатынасы – 2741 теңге. Дәстүрлі емес жыныстық қатынас – 4892 теңге», – деп ҚМО өкілдері алдын ала салық мөлшерлемелерін анықтап қойған екен.
1 жыныстық қатынастың ұзақтығы 14 минуттан аспау керектігі жазылған. Асқан жағдайда қосымша салықтар төлейтін болады. Ал шетелдіктер үшін салық құны екі еселенеді. Сонымен қатар, «Әр қазақстандық ай сайынғы абонемент немесе 1 жылдық ақылы билет сатып ала алады. Бұл олардың қаражатын үнемдеуіне септік болады. Заңды бұзған жағдайда кінәлілер 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Немесе қоғамдық жұмыстарға жегіледі», – дейді ҚМО.
Өздерінің қиялға толы ұсыныстарында олар адам өміріндегі мұндай маңызды саланы қараусыз қалдыруға болмайтыдығын басты назарға алыпты. Күлкілі һәм ұялуға тура келетін ұсыныс. Атың шықпаса жер өрте. Бірақ қазір жер өртеудің қажеті жоқ, интернетті ду еткізе салатын «жаңғыш» ақпарат ойлап тапсаң болғаны. Анығында бұл ұсыныс адамзаттық һәм азаматтық нормаларға қайшы келеді. Сондықтан да болар бұл ұсыныс тек қана кекесін күлкі шақырып, қызу талқыға түсуде. Ұсыныс үкіметтің жабайы жидектер мен саңырақұлақтарды теруге байланысты салық енгізуіне қарсылық білдіру мақсатында шыққан. Қоғам тарапынан астарға толы ащы ұсыныс жасалғанын үкімет түсіне қояр ма екен?
Айнұр Төлеу