Франция сенаты адам денсаулығына зияны дәлелденгендіктен 2017 жылдан бастап жасанды күнге күю кабиналарына тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы «Қамшы» порталы BNews.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Атап өту керек, сенат мұндай шешімді үкіметтің пікіріне қарамастан қабылдап отыр. Сенаторлар мұндай қорытындыға денсаулық сақтау жүйесіне реформа енгізетін жаңа заң жобасы аясында келді. «Солярийлердің қаупі сол, оны жиі пайдаланудан терінің қатерлі ісігі туындайды. Мұны Қатерлі ісікті зерттеу халықаралық агенттігі дәлелдеп отыр», - деп мәлім етті сенатор Жан-Франсуа Лонжо. Оның айтуынша, соңғы он жылда терінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны екі есеге артқан.
Мамандардың ескертуі мен сенаторлардың тыйымына қарамастан, заң жобасындағы жаңа тыйымға парламенттің төменгі палатасы Ұлттық мәжілістің келісім берері екіталай.
«Ультракүлгін сәулелердің зияны дәлелденді, сондай-ақ меланома дертіне шалдыққандар санының жыл сайын артып отырғаны бізді қандайда бір әрекеттерге итермелеуі тиіс. Бірақ бұл тыйым салу керек дегенді білдірмейді», - деді Франция денсаулық сақтау министрі Марисоль Турен.
Әзірге депутаттар жасөспірімдердің солярий пайдалануына және оның жарнамасына тыйым салу шешімін қолдап дауыс берді. Bulletin épidémiologique hebdomadaire мамандандырылған басылымы 2012 жылы жариялаған мәліметтерге құлақ түрсек, Францияда солярийді пайдаланудың кесірінен туындаған меланома кеселінен жылына 76 адам көз жұмады екен.
«Қамшы» порталы