Атырау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері өңірде жүргізілген арнайы операция кезінде ұйымдасқан қылмыстық топты анықтады.
Қылмыстық топ мүшелеріне кәсіпкерлерден ақша бопсалап, ұрып-соғу жолымен өндіріп алып отырған деген айып тағылуда. Сондай-ақ, олардың халықаралық қылмыстық топтармен байланысы болуы мүмкін деген күдік те бар.
Ұйымдасқан топтың құрамында спортшылар, теріс діни ағымның мүшелері бар деп болжануда. Қазіргі уақытта 5 адам ұсталған. Олардан бес суық қару және оқ-дәрілер табылған. Шамамен топтың белсенді мүшелері саналатын бес адамның үшеуі уақытша оқшаулау изоляторына қамалған, екеуі куәгер ретінде өтуі мүмкін. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде.
Аталған іс бойынша қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі (бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оставить комментарий