ЮНЕСКО осы ғасырдың аяғына дейін жер бетіндегі тілдерінің жартысына жуығы жойылып кетеді деп болжап отыр. Олардың бірталайы бұрынғы КСРО-ға кірген елдердің аймағында жоғалады деп күтілуде. Әлбетте тіл өздігінен жоғалып кетпейді. Оған саяси жүйенің ықпалы бар. Дегенмен, тіл мүлдем сөйлеушісі қалмаған кезде жойылды деп есептеледі.
2010 жылы ЮНЕСКО «Жоғалып жатқан әлем тілдерінің атласын» жария еткен болатын. Атласқа 2500 тіл мен диалект енген. Бір ғана Еуропада жойылу қаупінде тұрған 212 тіл бар екен. Тағы 13-і таяу арада мүлдем жоқ болады деп күтілуде. Бүгінгі мерекеде ана тіліңізге құрмет ретінде оны шұбарламай, таза сөйлеуге тырысып көріңіз. Анығында, аналар күнінде де бізді өмірге алып келген сол бір жанға асқан ілтипат көрсетуге тырысып бағамыз ғой. Ал, туған тіліміз де ерекше ықылас бөлуге лайық. Сіздің мәдениетіңіз бен рухыңыздың деңгейін ана тіліңізге деген құрметтен-ақ парықтап алуға болады.