Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданына қарасты Монтайтас елді мекенінде әлдебіреу жергілікті тұрғындардың қысқа жинаған мал азығына қырғидай тиіп жатыр. Бұл туралы «Қамшы» порталы otyrar.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жем-шөп сақтайтын қора-қопсылары өртке оранып, оның тек күлі ғана қалған. Әккі әрекетімен ауылды әуреге салған бұзақы әлі күнге ұстатпай жүр. Оған тіпті, полицейлердің де пәрмені жетер емес, дейді ауыл тұрғындары.
Гүлжахан Қабылованың қорасын екі рет өртеп жіберген. 50 шақты бумасы мен 5 көлікке тиеп алып келген сабан-шөбі күлге айналды. Ауласында тілсіз жау әлі түтеп жатыр. Ала жаздай адырдан малына азық жинап, ауласына үйіп тастаған еңбегі еш кеткеніне келіншек жыларман күйде. Бұл жергілікті жұртқа нәубет болды деп шағынады. Бұл туралы әуелі today.kz порталы хабарлайды.
Қазір ауылда өрт сөндіру қызметі мен тәртіп сақшылары кезекте қойылыпты. Күн-түн демей күдіктіні қолға түсірудің қамында. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ. Жатын орындарда арнайы жасақ пен полиция өкілдері түнеп те шығады. Бірнеше күш біріктірілсе де, құзырлылар бұзақыны әлі күнге құрықтай алмай отыр.
Құзырлы органдар өрт оқиғаларының көбіне түнгі мезгілде болатынын айтады. Бүгінге дейін ауылдағы 17 қора қызыл жалынға оранып үлгеріпті. Ал тәртіп сақшылары айғақты затты сараптамаға жіберуден өзге тындырған ісі жоқ.