"Талибан" радикалды ұйымының Ауғанстан билігіне қайта оралуы елдегі қыз балалар мен әйелдердің үрейін туғызып отыр. Олар шариғат заңдары бойынша әйелдерді көшенің ортасында өлім жазасына кесу, қамшымен сабау сияқты қатаң жазалар қайтадан басталатынын айтып дабыл қағуда.
Талибанға дейін және одан кейін Ауғанстандағы әйелдердің қоғамдағы мәртебесі қалай өзгерді? Талибанның қайта оралуы әйелдерге қандай қауіп төндіріп тұр?
Тәріптер әйелдер шариғат ережелеріне бағынып, паранжамен (әйелдердің жүзін жасырып тұратын жамылғы – ред) тұмшаланып жүретін болса, оларға тиіспей, "құрметтейтінін" хабарлаған. Алайда ауған әйелдері мен қыздары бұл мәлімдеге күмәнмен қарайды.
Өйткені Талибан ұйымы 1996 жылы Ауғанстан астанасы Кабулды басып алғаннан кейін әйелдердің күнделікті өміріне шектеу қойған. Мәселен, әйелдерге ер адамсыз үйден шығуға, саясатпен айналысуға, көпшілік алдында сөйлеуге, шашы мен денесін ашып жүруге тыйым салынған. Медицина қызметкерлерінің барлығы ер адам болғандықтан, әйелдер ер адамсыз ауруханаға барып емделуі де мүмкін емес жағдайға жеткен.
Тәліптер шариғаты заңы бойынша күнделікті өмірде әйелдерге қатаң жазалар қолданады. Денесінің ең кішкентай бөлігі паранжадан көрініп тұрса, әйелдерді көшенің ортасында сабайды. Мектепке барғысы келетін қыз бала да соққының астында алынады.
Неке адалдығын бұзған әйелдерді көшенің ортасында таспен ұрды. Талибан жауынгерлері 1996 жылы тырнақтарын бояған әйелдің бас бармағының ұшын кесіп тастаған.
Сол кездері Ауғанстанда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық өте жиі болатын.
2001 жылы АҚШ Ауғанстанға басып кіргеннен кейін, Талибан елдегі билігін жоғалтып, әйелдердің күнделікті өмірде бірқатар еркіндікке қолы жетті.
Қыз балалар мектепке барып білім ала бастады
2003 жылы әйелдердің құқықтары Конституциямен кепілдендіріліп, 2009 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес туралы заң енгізілді.
Әйелдер жұмыс пен саясатқа араласуға мүмкіндік алды.
Кейінгі кезеңде әйелдер полиция мен әскерге тартыла бастады.
Министрліктерде, елшіліктерде және губернаторлықтарда жоғары лауазымға көтерілген ауған әйелдері елдің болашағы бойынша пікір айту құқығын иеленді.
Талибан биліктен кеткеннен кейін Ауғанстандағы ең үлкен прогресс білім беру саласында болды.
Талибан билігі кезінде, 2001 жылы мектепке баратын қыздардың саны нөлге тең болса, мектепке баратын ұлдар саны 1 миллион еді. 2012 жылғы мәлімет бойынша мектепке баратын қыздар саны 3 миллионны, мектепке баратын қыздар мен ұлдардың жалпы саны 7,8 миллионды құрады.
Алайда бастауыш сыныптан кейін мектепке баратын қыздардың саны әлі күнге дейін шектеулі.
Соңғы жылдары қыздарды ерте тұрмысқа беру бәсеңдей бастаған еді.
Осындай жетістіктерге қарамастан, Ауғанстан 2011 жылы әйелдер үшін "әлемдегі ең қауіпті ел" атанды.
Ауғанстан үкіметінің 2014 жылы жарияланған мәліметтері суицидтің 80 пайызын әйелдер жасағанын көрсетеді. Әйелдердің өз-өзіне қол жұмсауы ерлерге қарағанда жоғары болатын санаулы елдердің бірі – Ауғанстан.
15 тамызда тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін, елдегі әйелдер мен әйелдер құқығы жөніндегі мамандар бұрынғы қатаң шектеулер қайта орала ма деп қатты алаңдайды.
Оставить комментарий