Ұлттың ұлт екенін танытатын оның тілі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болып табылады. Дәстүр деген сөздің мағынасы латын тілінде «traditio», яғни, сабақтастық деген мағынаны білдіреді. Ол дегеніміз әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі болып табылады.
Қазақ жеріндегі исламдану үдерісі VIII-ХIХ ғғ. аралығында бірнеше толқын арқылы жүргені белгілі. Ислам XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының ресми идеологиясы болып жарияланды. Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығайуы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға бірігуіне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарында біріншіден ислам заңдары нормалары енгізілсе, екінші жағынан ханафи мазхабындағы дін иелері, ислам канондары мен қатар негізінен зайырлы заңдарға жататын мемлекеттік заңнамалардың қолданылуына қарсы болған жоқ.
Нәтижесінде кез келген қоғамда туындайтын даулы мәселелерді оңай және оңтайлы шешуге қол жеткізілді. Сонымен қатар, құқықтық нормалардың басым бөлігі дала әдет-ғұрпымен байланысты болды. Қазақ қоғамында ислам мен көне халық дәстүрінің араласып кеткен тұстары кездеседі. Мысалы, ислам сәбилерді атастыру («Бесік құда») салтын ислам жоққа шығармады. Бұл салт бойынша, мұндай құдаласу арқылы туысқан болу уақыт өте келе қайта жаңғыртылады. Ислам «қалың мал» төлеу секілді көне салттарға да икемділік танытты. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықталады: үлкенді сыйлау, қонақ күтудің елеулі маңыздылығы, терме, айтыс, шешендік сөздер, қонақжайлылық, тектілік, және т.б.
Жастар арасында қазақи салт-мәдениетініміздің мәселесі ХХІ ғасырда да өзекті болып табылады. Әрине, индустрияландыру, жаңғырту, урбанизация және ғылыми инновациялар ғасыры жастардың зияткерлік және мәдени өсуіне ықпал етеді. Бірақ жастарды тәрбиелеу, ұрпақтардың үздік мәдени тәжірибесін беру процесі үнемі жетілдіруді талап етеді. Түйіндей келе, тарихқа қарайтын болсақ, қазақ халқы түрлі кезеңдер мен қилы замандарды басынан кешірді. Ата бабаларымыз ақылы мен санасын, түсінігі мен талғамын ислам дінімен байланыстырып жүзеге асырған.
Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрыпы, салты мен дәстүрі тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай болып кеткен.
Абзал Ауельбеков
ҚБ «Адам және қоғам» Үкіметтік емес ұйымының өкілі
Оставить комментарий