Шетелде жүрген LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан өзіне қатысты сот үкімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген еді.
Талғат Ардан ауыр салдарға алып келген қызметтiк өкiлеттiктерiн теріс пайдаланғаны үшін сырттай кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сот материалдарына сәйкес, ол "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарғанда LRT құрылысын іске асыру жұмыстарын бұзған.
Соның салдарынан Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алынған 257,6 млн АҚШ доллары қайтарылған жоқ. Осылайша, 2016 жылғы валюталардың ресми бағамына бойынша 85,9 млрд. теңге мақсатсыз жұмсалған. Талғат Ардан сот үкімімен келіспей, өзінің адвокаты арқылы апелляциялық шағым түсіріп, өзін ақтауды сұрады.
"Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды, өйткені сотталғанның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да материалдармен дәлелденді", - делінген ресми хабарламада.
Тергеу шаралары барысында Талғат Ардан Түркияда жасырынып жүр деген ақпарат тараған. Антикор оны шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады.
Оставить комментарий