8 облыс су тасу қаупі жоғары аймақтар қатарына кірді

/uploads/thumbnail/20250313121154870_big.webp

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірлердегі гидрометеорологиялық жағдай туралы баяндады.

"Tasqyn" жүйесіндегі су тасқыны жағдайын моделдеу нәтижелерін цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, су нысандарының жағдайы туралы су министрі Нұржан Нұржігітов, су тасқынына қарсы әрекет ету туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндама жасады.

Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының әкімдері су басудың алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын баяндады.

13 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің қар басып жатқан аумағы – 67%. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар ери бастағанын айтты. Еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр.

“Қостанай облысында 150 см-ге дейін және одан да көп, Ақмола облысында 139 см-ге дейін, Павлодар облысында – 159 см-ге дейін, Қарағанды облысында –132 см-ге дейін тоң бар. Наурыз және сәуір айлары жылы болады деген болжам бар, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады”, – делінген хабарламада.

"Қазгидромет" биыл әрбір өңір бойынша су шығынының ең жоғары деңгейін, гидрологиялық бекеттер бойынша ағын көлемін көрсететін және қауіпті аймақтағы елді мекендерді анықтады.

Тасқын қаупі жоғары аймақтар:

  • Шығыс Қазақстан,
  • Қарағанды,
  • Ақмола,
  • Солтүстік Қазақстан,
  • Қостанай,
  • Ақтөбе,
  • Абай,
  • Ұлытау облыстары

Қауіп деңгейі орташа аймақтар – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.

Су басу қаупін азайту мақсатында премьер-министр уәкілетті органдарға Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарын аралап, шұғыл шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берді.

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи