Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен түрлі хабарландыру сайттарында зейнетақы жинағын «төмен пайызбен шығарып береміз» деп уәде беретін делдалдар көбейіп жатыр. Олар адамдарға жеткіліктілік шегінен асқан жинақты алуға көмектесеміз деп жарнама таратып, бұл қызметті кез келген адам пайдалана алады деп сендіреді.
Сондай-ақ, олар "жақында ереже өзгереді" деген сылтаумен жалған ақпарат таратып, өздерін сенімді етіп көрсету үшін БЖЗҚ мен уәкілетті операторлардың логотиптерін заңсыз қолданады.
Осыған байланысты "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" (БЖЗҚ) ресми мәлімдеме жасап, барша салымшыларды абай болуға шақырды.
БЖЗҚ ескертеді:
-
Қор қызметкерлері сізге телефон арқылы хабарласпайды;
-
ЖСН, жеке куәлік нөмірі, банк картасы деректері, SMS-код немесе құпиясөз сұрамайды;
-
"Қаражатыңыз бұғатталды" деген мазмұндағы қоңыраулар шындыққа жанаспайды;
-
Барлық ресми ақпарат тек БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтында және жеке кабинетте ғана жарияланады.
Өзіңізді қалай қорғайсыз?
-
Бейтаныс адамдарға жеке мәліметтеріңізді бермеңіз – әсіресе олар өздерін БЖЗҚ немесе басқа мемлекеттік мекеме қызметкері деп таныстырса;
-
Күмән туындаса, ақпаратты БЖЗҚ-ның ресми сайтынан немесе 1418 нөмірі арқылы тексеріңіз;
-
Алаяқтық күдігі болса, бірден тоқтап, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.