24 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевты Алматы қаласының әкімі қызметінен босату туралы Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасында жарияланды.
Ерболат Досаев бұл лауазымды 2022 жылғы 31 қаңтардан бастап атқарып келген болатын.
Ол 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы энергетикалық институтын және Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық университетті тәмамдаған.
Қызметтік жолын 1997 жылы банк секторында бастаған Досаев кейін бірқатар мемлекеттік лауазымдарды атқарды. Атап айтқанда, Энергетика, индустрия және сауда, Қаржы вице-министрі, Даму банкі Директорлар кеңесінің Төрағасы, Қаржы министрі, Денсаулық сақтау министрі, Экономикалық даму және сауда министрі, Ұлттық экономика министрі, Ұлттық банк төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары сынды қызметтерде болды.
Соңғы жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған шенеуніктің орнын кім басатыны әзірге белгісіз. Бұған дейін 23 мамырда қалалық мәслихаттың кезекті отырысы өтетіні және онда жаңа әкім кандидатурасына келісім беру мәселесі қаралатыны хабарланған болатын.