AIF-2025 форумында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық қауіпсіздікке тек геосаяси тұрғыдан қарау жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі жағдай түбегейлі өзгеріп жатыр: мультилатерализм әлсіреп, протекционизм күшейіп келеді.
– Осындай бейберекет кезеңде біздің міндетіміз – ынтымақты сақтау, ыдыраған тұстарды қалпына келтіру, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан қазіргі күрделі ахуалды сындарлы ықпалдастық арқылы шешуге ұмтылатынын мәлімдеді.
– Сыртқы саясатта біз жікке бөлінбей, диалогты таңдауды және барлық елдердің егемендігін құрметтеуді басты ұстаным етіп келеміз. Әсіреұлтшылдыққа, өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін менсінбеуге жол берілмейді. Әр халықтың ана тілі мен мәдениетін құрметтеу – басты қағидат. Сондықтан Қазақстанда "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидасы қатаң сақталады, – деді ол.
Айта кетейік, AIF-2025 форумы Астанада өтіп жатыр. Президент Тоқаев бұл іс-шараның әлемде белгісіздік күшейіп тұрған кезеңде өтіп отырғанына және Қазақстанның әлі күнге дейін 450 ядролық сынақтың зардабын тартып отырғанына назар аударды.