Тараздық 24 жастағы Диана Аймахан — өмірге келген сәтінен бастап күреспен күн кешіп келе жатқан қайсар қыз. Балалық шағы қатарластары секілді қуаныш пен еркелікте емес, аурухана төсегінде, ақ халаттылардың үміті мен күмәні арасында өтті. Бүгінде ол Қытай Халық Республикасындағы әлем мойындаған дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Жасарат Жәлелұлының көмегімен қайта жүру үшін күресіп жүр.
Диананың анасы Наргиза Амантайқызының айтуынша, бұл туа біткен дерт емес, бұл тағдыр тауқыметі бір сәттік қателіктен басталған.
> "Мен түңгі уақытта босануға келдім. Толғағым басталғанда қасымда білікті дәрігер емес, тәжірибеден өтіп жүрген 20 жасар қыз ғана болды. Қызым аяқпен келіп тұрған, сол кезде ұршығы шығып, жамбасы қисайып кетті. Бұл бір сәттің қателігі еді, бірақ оның салдары – өмірлік сынаққа айналды…"
Сондай-ақ анасының айтуынша, Диана тәй-тәй басқанда-ақ өзгешелігі көзге ұрып тұрған екен.
- Бір аяғы алға тартып, екіншісі кері кетіп, жүрісі қисалаң еді. Балалар оны түсінбеді. "Ақсақ қыз" деп мазақтады, - дейді анасы.
Диана мен анасы еліміздің түрлі емханаларын шарлап, ем іздеп келген. Бірі "аяғын кесеміз" , бірі "үміт жоқ" деп шығарып салыпты. Қыздың үміті сөніп, өмірден бас тартқысы келген кездері де болыпты. Бірақ ана махаббаты – үміттің тірі ошағы еді.
Сол үміт оларды Қытайдағы әйгілі дәрігер Жасарат Жәлелұлына жетелеп апарды. Профессордың заманауи емдеу әдісімен сүйектер түзеле бастаған көрінеді. Бүгінде Диананың өмірге деген құлшынысы қайта оянған-ды.
"Қызым өз аяғымен тік тұрып, шауып жүрсе екен", – дейді Наргиза ана жанарындағы жасын жасырып.
Дианаға алда күрделі ота жасалмақ.
Қазір отбасыға қаржылай қолдау қажет. Диананың мақсаты да, арманы да – өз аяғымен нық басып, еркін жүру. Осы бір арманның орындалуына әрбір жанның үлесі қажет.
Қолдау білдіремін деген жандар үшін Динананың анасы Наргиза Амантайқызының Kaspi Gold нөмірі
8 775 871 0297