МӘСҚ әлеуметтік төлемдерін тағайындау тәртібі өзгереді

/uploads/thumbnail/20250616145025535_big.webp

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін кейбір әлеуметтік төлемдерге қатысты шешім қабылдау процестерін — тағайындау, бас тарту, қайта есептеу, тоқтата тұру және тоқтату — автоматтандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды көздеп отыр.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл бастама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға бағытталған. Жоба аясында МӘСҚ филиалдарының қызметкерлері шешім қабылдау процесінен шеттетіліп, төлемдерді алушылардың шотына қаражатты жылдамырақ аударуға, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді уақтылы тоқтата тұру мен тоқтатуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пилоттық режимде тек мынадай арналар арқылы келіп түскен электронды өтініштер қаралатын болады:

  • «Электрондық үкімет» порталы,

  • «Электрондық еңбек биржасы» порталы,

  • Екінші деңгейлі банктер арқылы жолданған өтініштер,

  • Проактивті форматтағы қызметтер.

Аталған өтініштер алдын ала келісілген және белгілі бір критерийлерге сай болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда:

  • әлеуметтік аударымдар тек бір төлеушіден түсуі тиіс (ЖК, шаруа қожалығы басшысы немесе жеке практикамен айналысатын тұлғалардан басқа);

  • әлеуметтік аударымдар уақтылы төленуі қажет (есеп берілетін айдан кейінгі екінші айдың 5-күнінен кешіктірмей);

  • қызметкердің әлеуметтік аударымдары көрсетілген табысымен сәйкес болуы шарт;

  • қажетті мәліметтерді алу үшін цифрландырылған құжаттардың толық топтамасы болуы тиіс.

Министрлік бұл критерийлер автоматтандырудың тиімділігін бағалап, бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Пилоттық жобаның нақты басталу күні туралы қосымша хабарланатын болады.

Құжат 2025 жылғы 27 маусымға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Связанные Статьи