Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп, LRT ісіне байланысты Нұрәлі Әлиев пен Дариға Назарбаеваның тергеу орбитасына тартылу ықтималдығына қатысты пікір білдірді.
— LRT ісі жөнінде бізде екі қылмыстық іс бар. Біреуі бойынша 5 жыл бұрын сот үкімі шыққан. Екіншісі — Талғат Арданға қатысты іс. Ол қазіргі уақытта Түркияда қамауда отыр. Ал сіз айтып отырған өзге тұлғаларға қатысты менде ешқандай ақпарат жоқ. Бұл туралы басқа қылмыстық қудалау органдарынан сұрау қажет, — деді Шындалиев.
Журналистердің сұрағына себеп болған – бұған дейінгі журналистік зерттеулерде LRT ісіне байланысты Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің есімдерінің жиі аталуы.
Еске сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті LRT жобасын жүзеге асыру барысында мемлекетке 85,9 млрд теңге көлемінде залал келгенін мәлімдеген. Аталған іс бойынша Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланып, ол Түркия аумағында ұсталған болатын.