Ақтөбеде 300 ару бас қосты: Әлияға арналған форум

/uploads/thumbnail/20250611121813378_big.webp

Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында «Мен – Әлиямін!» атты ауқымды форум өтті. Шараға есімі батыр қызбен аттас 300-ге жуық нәзік жан жиналды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жиынға келгендердің ең үлкені – 88 жастағы қария, ал ең кішісі – небәрі 2 айлық сәби. Таңғы сағат 07:45-те тағы бір Әлия дүниеге келгені де форумда ерекше атап өтілді.

Статистикаға сүйенсек, бүгінде «Әлия» есімі 70 мыңнан астам азаматшаға берілген. Соның ішінде 4 мыңға жуығы Ақтөбе облысында тұрады.

Форумға қатысушылардың басым бөлігі – өз саласында жетістікке жеткен дәрігерлер, мұғалімдер, өнер мен спорт саласының үздіктері. Жиында батыр қыздың туған күнінде өмірге келген 4 Әлия мен бейресми түрде «Әлия» деп аталатын «Ілия» есімді жандар да болды.

Шара аясында ерекше жетістіктерімен көзге түскен қатысушыларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келгендерге гүл шоқтары тарту етіліп, жиын соңында форумға қатысушылар Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойды.

Связанные Статьи