Әкім орынбасары: Міржақып ескерткішін кәсіпкер өзі бұзған

/uploads/thumbnail/20251127101033848_big.webp

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Петровка ауылы маңында Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешеннің бұзылған фотосуреттері желіде көптің наразылығын туғызды. Кәсіпкерлер бұл игі шаруаны аяқтауға әкімдік кедергі келтірді дейді, ал облыс әкімінің орынбасары құрылыс рұқсатсыз басталғанын айтып отыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tizgin.kz  сайтына  сілтеме жасап. 

Әуелі бұл мәселені желіде әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан жазды. Оның мәліметінше, Петровка ауылының маңында Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист, ұлт ұранының авторы Міржақып Дулатұлына құрметіне қойылған мемориалдық кешен қасақана қиратылған. 

Алаштанушы кешенді жасаушылардың сөзін келтіреді. Олар Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастағанын хабарлаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кеткен.

«Не үшін? Қандай мақсатта орындалды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан Газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін. Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты. Енді не болмақ?» — деп алаңдайды ол.

Бұл мәселеге қатысты Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасы былай деп жауап берген: 

«Мирный ауылдық округінің аумағында кәсіпкер Барлыбаев Нағашыбай Сабарұлы Алаш қызметін еске алу мақсатында стелла орнатқан болатын. Алайда монумент екі себепке байланысты бөлшектеліп, консервацияға қойылды: Стелла тұрғызу кезінде мамандар топырақтың отыруын тіркеп, соның салдарынан құрылыстың қисайуы пайда болған. Мұндай жылжу стелланың орнықтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін еді. Құжаттардың  (архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы, бекітілген эскиздік жоба) болмауы. Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау органы Н.С. Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салды».

ӘКІМНІҢ ОРЫНБАСАРЫ НЕ ДЕЙДІ

Tizgin.kz редакциясы осыдан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Жүсіп Жұмағұловқа қоңырау шалып, бірнеше сұрақ қойды.

– Міржақып Дулатұлының мемориалды кешенін тұрғызуға сіз қарсы болғаныңызды кәсіпкерлер айтып жатыр. Не себепті?

– «Мен қарсы болдым» деген әңгіме өтірік. Оны ашық айтайын. Жалпы бұл кәсіпкер (Нағашыбай Барлыбаев) ешкімге ештеңе айтпай құрылысты өзі бастаған, енді өзі бұзып тастаған. Әкімдіктің қатысы жоқ. Бұған дейін де біршама адамдар хабарласқан. Тексерісті өткізгеннен кейін біз оған ешқандай жер телімі ресми түрде берілмегенін, рұқсат құжаттары жоқ екенін білдік.

– Сіздерге осы мемориалды кешен салынатыны туралы хабар берілмеген бе?

 – Біз ешқандай рұқсат берген жоқпыз. Кез келген ескерткішті көтерудің рәсімі бар. Оны облысының мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау комиссиясы қарастырады. Ешқандай өтініштер, арыздар түскен жоқ. Документолог арқылы оны көрсете аламыз.

–  Сіздерге кемі бір ауыз кешеннің бой көтеретіні жайлы ауызша айтылды ма?

– Осы жерде шатастыруға болмайды. Қандай ниет болса да, оны заңды түрде өтініш ретінде жіберіңіздер – оны заң бойынша жасайық. Ескерткіш қана емес, жалпы жұмыс болса да. Бірақ ол кісілер ешкімге еш нәрсе айтпаған.

Стелла құрылысы кезінде мамандар топырақтың шөккенін тіркеді. Бұл жалпы құрылымның қисайып кетуіне апарып соқты. Толық жұмыстар тоқтатылды. Ал бізге ешқандай құжаттар түскен жоқ.

– Енді кәсіпкерлерге «осы мемориалды кешенді бұз» деп міндеттеп отырсыздар ма? Ол кісіге айыппұл не үшін салынды?

– Айыппұлды осы факт белгілі болған соң ғана салдық. Бірақ біз айыппұлды бұзылғаннан кейін салдық. Себебі ешқандай рәсімдерден өтпей бастаған. Ал бірақ оған «қарсы немесе қарсы емеспіз» деген сөз емес. Айыппұлдың ондай позицияларға ешқандай қатысы жоқ. 

– Сіздер міндеттеген соң кешенді бұзып жатыр ма?

– Жоқ. Олай емес.

– Қанша дегенмен бұл Алаш тақырыбы. Айыппұлға дейін барған кезде қоғамда резонанс туатынын есепке алған жоқсыздар ма? Мәселені тыныш, бейбіт түрде шешуге, мемориалды бірге көтерісуге болмады ма?

 – Кешірім өтінем, бірақ заңды білесіз ғой. Ертең Алашқа қатысты емес, басқа тақырыпқа да қатысты осындай мәселе болуы мүмкін. Әр тақырыпқа қарасақ, заңды құрметтемесек, адамдар ертең шеттен шығып, әртүрлі нәрсе жасауы да мүмкін ғой. Солай емес пе?!

– Міржақып Дулатұлының мемориалдық кешенінің орнатылуының облысқа қандай да бір салдары деп есептейсіз бе? 

– Шешім қабылдайтын тек мен емес. Иә, мен осы салаға қараймын, бірақ оған қарайтын облыстық мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау комиссиясы бар. Ол комиссияда әртүрлі мамандар мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар. Әр адам өз пікірін айтады. Бір адамның пікірі ғана есепке алынбайды. Нағашыбай Барлыбаевтан ешқандай өтініштер түскен жоқ. 

– Осы кешеннің келешегі не болады?

– Өзі салған – өзі бұзған. Егер ресми түрде бізге бір өтініш түссе, біз оны міндетті түрде заң бойынша қарастырамыз. Біз оны қазір «қолдаймыз немесе қолдамаймыз» дегеннен еш нәтиже болмайды. Егер өтініш түссе, міндетті түрде ол кісімен бірге міндетті түрде қарастырамыз.

Связанные Статьи