Қаржы мониторингі агенттігі 300 мыңнан астам жәбірленуші туралы ескерту жасады

/uploads/thumbnail/20250625121537613_big.webp

300 мыңнан астам азамат зардап шекті: Қаржы мониторингі агенттігі заңсыз МҚҰ-ларға қатысты ескерту жасады

Қаржы мониторингі агенттігі 2025 жылдың басынан бері заңсыз әрекет еткен 5 микроқаржы ұйымының қызметін тоқтатқанын хабарлады. Бұл ұйымдардан 300 мыңнан астам азамат зардап шеккен. Агенттіктің мәліметінше, олардың жалпы артық төлем сомасы 71 млрд теңгеден асқан.

Заңсыз микроқаржы ұйымдары өз қызметін заңды несиелеу түрінде көрсеткенімен, іс жүзінде қарыз алушыларға заңсыз қосымша төлемдер, жоғары пайыздар мен сақтандыру жарналарын міндеттеген. Бұл тәсілдер сыйақы мөлшерлемесіне заңмен белгіленген шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік берген.

Нәтижесінде азаматтар несиені бірнеше есе артық төлеуге мәжбүр болып, қаржылық қиындыққа тап болған. Агенттік осындай тәуекелдерге жол бермеу үшін халықты қарыз шарттарымен мұқият танысуға шақырды.

— Қарыз алмас бұрын оның барлық шарттарын мұқият оқып, түсініп алыңыз. Әрбір азамат қандай төлемді не үшін жасайтынын білуге құқылы. Заңды микроқаржы ұйымдары "тексерусіз" немесе "бәріне беріледі" деген уәделермен жұмыс істемейді, – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар агенттік бірнеше микроқаржы ұйымдарының лицензияларын үш ай мерзімге тоқтатқан. Олар:

  • МҚҰ "Hava Finance" ЖШС

  • МҚҰ "POS Credit" ЖШС

  • МҚҰ "SF Offline" ЖШС

  • МҚҰ "Салем Кредит" ЖШС

Бұл ұйымдарға жаңа микрокредиттер беруге, шарттарды ұзартуға немесе борышкерлерге қосымша жүктеме арттыруға тыйым салынды. Алайда олар бұрынғы келісімшарттар бойынша өз міндеттемелерін толық орындауы тиіс. Агенттік азаматтардың микрокредиттерін өтеуді жалғастыруы қажет екенін де еске салды.

Связанные Статьи