Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 66 күн бойы аштық жасаған Марат Жыланбаевты ауруханаға жатқызуды талап етті. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасына жазды.
"5 тамызда Жыланбаевқа адвокат Денис Малюга кірген. Ол Жыланбаевтың өтінішімен желіде оның қан сынамаларының көрсеткішін жариялады. Марат Жыланбаевтың денсаулығына байланысты шағымдары бар", делінген жазбада.
Сондай-ақ Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Марат Жыланбаев БАҚ өкілдері мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің түрмеге келіп, кездесу ұйымдастыру үшін өтініш жазған. Бұл өтінішті түрме әкімшілігі қабылдап, тіркеген. Алайда қылмыстық атқару-жүйесі комитеті және Жыланбаев отырған Степнагрскідегі түрме әкімшілігі бұған қатысты жауап бермеді.
Бұған дейін де Марат Жыланбаевтың денсаулығының гашарлағанына қатысты ақпарат тараған болатын. Алайда қылмыстық атқару-жүйесі комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
61 жастағы марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясы бастамашыл тобының жетекшісі Марат Жыланбаев сот шешімімен жеті жылға сотталған. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және «экстремистік ұйым жұмысына араласу» баптары бойынша айып тағылған. Жыланбаевтың өзі де, жақтастары да тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейді. Олар істің саяси астары бар деп есептейді. Белсендінің өзі үкіммен келіспей бірнеше рет аштық та жариялаған.