Ресей агенттерінің құпия құжаттарында Қазақстан туралы не айтылған?

/uploads/thumbnail/20250811172550072_big.webp

Ресей Украинада арнайы әскери операция бастағалы 3 жылдан аса уақыт өтті. Осы оралықта әлемдік және аймақтық геосаяси жағдай түрленіп, құндылықтар толық жаңарды деуге негіз бар. Аумалы-төкпелі кезеңде жасырын агенттер мен түрлі саяси мақсатты көздейтін ұйымдардың қызметі де қыза түсетінін тарих беттеріндегі жағдайлардан білеміз.

 

Azattyq TV YouТube арнасында «Қазақстанда Ресей агенттері қалай жұмыс істейді? Құпия құжаттарға шолу» деген тақырыппен 18 минуттық бейнематериал жарияланды. Материалда Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік агенттердің баяндамалары сипатындағы құжаттар туралы айтылып, мәтіндеріне талдау жасалады. 

 

Бейнематериалдағы ақпаратқа сүйенсек, «Досье» зерттеу орталығы жолдаған құжаттарда Қазақстан территориясында түрлі мақсатта жұмыс істейтін жасырын агенттердің РФ Бас барлау басқармасының полковнигі Денис Смоляниновке жолдаған есебі туралы айтылған.

 

Материалға негіз болған құжаттардың мазмұны Украинадағы арнайы әскери операция басталғаннан кейін Қазақстанның Ресейге қатысты сыртқы саясаттағы ұстанымы, ішкі саясаттағы дискурс, жалпы саяси риторика өзгерді дегенге саяды. 

 

Шығарылымда көрсетілген құжаттың кейбір бөліктерінің суреттерінде «Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі әскери дайындықтың күшеюі», «Қазақстанда және Орталық Азияда тұратын ұлты орыс азаматтардың құқықтары мен қызығушылықтарын қорғайтын арнайы бағдарлама әзірлеу», «Ақпараттық және мәдени іс-шараларды қолдау, ақпарат құралдарының жұмысын жоспарлау» бағытындағы сөздер жазылған. 

 

Azattyq редакциясы аталған құжаттарда айтылған ақпарат бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған. Бұл мәселелердің нақты сипаты сыртқы саясат пен еларалық байланысқа жауапты ведомствоның жауабынан белгілі болмақ. 

 

Арандату мен жалған ақпарат тарату өршіп тұрған кезде сапалы қоғамның басты тәртібі – ресми ақпаратқа ғана сену. Сондықтан, аталған материалдардың мазмұнына ғана иек артпай, елдің ішіне іріткі салуы ықтимал жағдайларға қатысты СІМ жауабын күткен дұрыс.

Связанные Статьи