Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Еуразияның жетекші транзиттік хабына айналуға ұмтылуда. Бұл бағытта Мемлекет басшысы автожолдарды жаңғырту, жаңа көлік дәліздерін салу, логистикалық орталықтарды жақсарту, сондай-ақ көлік үдерістерді оңтайландыру бойынша цифрлық шешімдер енгізуге қатысты негізгі тапсырмалар берді. Бүгінгі таңда Үкіметте еліміздегі экономикалық өсу мен халықаралық көлік желісіне ықпалдасуының негізін құрайтын бірқатар іс-шара қабылдануда.
Негізгі автожолдарды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау және цифрландыру
2024 жылдың наурыз айында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кемінде 12 мың шақырым автожолды реконструкциялау және жөндеуден өткізуді тапсырған болатын.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысты. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.
Негізгі басымдықтардың бірі стратегиялық маңызы бар төрт автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау болды:
«Қарағанды – Алматы» (885 км): төрт жолақты, заманауи тосқауыл қоршаулары және толық жарықтандыру арқылы бірінші техникалық санатқа дейін реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жоба аясында 33 көпір, 48 өткел салынып, сондай-ақ 700 су өткізгіш құбыр орнатылды.
«Талдықорған – Өскемен» (768 км): жол I–II техникалық санатқа дейін қайта жаңартылды. Құрылыс барысында жаңа көпірлер, жол айрықтары мен су өткізу құрылыстары пайда болды, бұл Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасындағы қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын едәуір арттырды.
«Атырау – Астрахан» (212 км): Қазақстанды Ресей Федерациясымен байланыстыратын бұл маңызды көлік бағыты II санатқа жаңартылды. Жолдың барлық ұзындығына 6 көпір, 1 өтпе жол, 60 өткізу құрылысы және демалыс орындары салынды.
«Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км): реконструкциялау жолдың төрт қозғалыс жолағымен I–II санатқа дейін жақсаруына әкелді. Жұмыс аясында 700 мың тоннаға жуық асфальт-бетон қоспасы төселіп, 10 көпір, 5 жол өтпесі және 3 жол айрығы салынды.
Биыл құрылыс-жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымнан астам жолды қамтыды, оның 7 мың шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жезқазған – Петропавл», «Мұқыр – Құлсары», «Орал – Атырау» және басқа да автожолдар қамтылды, «Орталық – Батыс» автожолының, сондай-ақ «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» учаскелерінің, Сарыағаш, Рудный және Шымкент айналма жолдарының құрылысы басталды. «Қалбатау – Майқапшағай» жолы аяқталады.
«Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», — деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Транскаспий бағыты Еуразиялық логистиканың негізгі буынына айналуда: соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты
Мемлекет басшысының Жолдауында серіктес елдер – Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде.
Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық–Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда: Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 млн тонна астық терминалыжәне Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды.
2023 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның қатысуымен Middle Corridor Multimodal Ltd бірлескен кәсіпорнының құрылуы маңызды қадамдардың бірі болды. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша кепілдендірілген тарифпен және жеткізу мерзімімен мультимодальды тасымалды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қытай теміржолдарының еншілес компаниясы CRCT-ның бірлескен кәсіпорынға қосылуы жоспарланып отыр, тиісті меморандумға 2024 жылдың қарашасында қол қойылды.
Қазақстаннан тыс жерде де порт инфрақұрылымы белсенді дамып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың маусымында Грузияның Поти портында аумағы 8,9 гектар жылына 120 мың контейнер өңдеуге қауқарлы қазақстандық мультимодалды терминал іске қосылды.
Нәтижелер айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр: соңғы бес жылда бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі алты есеге ұлғайды – 2020 жылғы 0,8 млн тоннадан 2024 жылы 4,5 млн тоннаға жетті. Тек былтырдың өзінде тасымал көлемі 62%-ға артып, контейнерлік тасымал 2,7 есеге көбейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында тасымал көлемі 2,3 млн тоннаға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық болды.
Сонымен қатар контейнерлік тасымалдардың айтарлықтай артуына кедендік рәсімдерді автоматтандыру да ықпал етті: енді бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге небәрі 30 минут кетеді, бұрын бұл процесс үш сағатқа дейін созылатын еді.
«Жуырда қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлық терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда», — деді Мақсат Қалиақпаров.
Транскаспий бағыты бойынша қытай автопойыздарының қозғалысының басталуы да маңызды оқиғалардың бірі болды: 2024 жылы Құрық порты арқылы 3,5 мыңға жуық жүк көлігі өтті, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында олардың саны мыңнан асты.
Бұл шаралардың барлығы Транскаспий бағытын Еуразиялық логистиканың негізгі буыны ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, бұл еліміздің халықаралық сауда мен транзиттегі позициясын күшейтеді.