Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ның алғашқы пойызы қашан іске қосылатынын айтты. Бұған дейін қала басшысы LRT тестік режимде іске қосылатынын мәлімдеген болатын.
"Қыркүйек әлі аяқталған жоқ. Келесі аптада қыркүйектің 29-30 күндері алғашқы пойызды іске қосамыз ба деп отырмыз. Әбу-Даби мен Мәңгілік елдегі көпірге қарай жіберетін шығармыз. Одан кейін күн сайын жұмыс уақытын ұзартамыз. Сөйтіп, пойыз баратын жолды да, станцияларды да көбейтетін боламыз", - деді Қасымбек журналистерге берген сұхбатында.
Қала басшысы пойыздардың саны да артатынын атап өтті.
"Сөйтіп, желтоқсанның соңына, қаңтардың ортасына қарай барлық пойыз тестік режимде жүреді", - деп атап өтті әкім.
Әкімнің айтуынша, LRT-да жол жүру ақысы 200 теңге шамасында болады.
“Жалпы, тесттк режим үш айдан алты айға дейін созылады. Қазан айында тағы 8 пойыз, ал желтоқсанға дейін толығымен 18 құрам келеді. Бәрі дұрыс болып, тестен дұрыс өтсе, келесі жылдың бірінші тоқсанынның соңына дейін LRT-ны толығымен іске қосамыз ”, - деп түйіндеді Қасымбек.