Қырғызстан өлім жазасын қайта енгізуі мүмкін

/uploads/thumbnail/20251014100753359_big.webp

Қырғыз президент әкімшілігі Конституцияға өлім жазасын енгізуге мүмкіндік беретін өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатта балаларды зорлау және зорлаумен байланысты кісі өлтіру үшін өлім жазасына рұқсат беру ұсынылады.

Kaktus.media-ның хабарлауынша Конституцияның 25-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда жазылады. Онда әр адамның өмір сүруге ажырамас құқығы сақталады, бірақ қосымша тармақ енгізіліп, «өлім жазасы тек балаларды зорлау және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру үшін ғана қолданылуы мүмкін» деп көрсетіледі.

Аталған заң жобасының мақсаты - «балалар мен әйелдердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін және қылмыстық шабуылдардан қорғалуын қамтамасыз ету». 

Статистикалық дерек бойынша 2024 жылы әйелдер мен балаларды өлтіру бойынша 43 қылмыс тіркелсе, 2025 жылдың сегіз айында 28. 2024 жылы 107 зорлау дерегі тіркелген және оның 88-і кәмелетке толмағандарға қатысты болған.

Заң жобасын талқылау koomtalkuu.gov.kg порталында басталды. Мұндай заң жобасын талқылауға 17 жастағы Айсұлудың өлімі себеп болған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Заң жобасына қатысты сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. 

Президент Садыр Жапаров бұл мәселе тек жалпыхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі тиіс екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қырғызстанда өлім жазасы бұған дейін болған. Алайда 2007 жылы бұл жаза алынып тасталып, орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген еді.

Связанные Статьи