Көкшетауда Ш.Уәлихановтың 180 жылдығына арналған шаралар өтуде

/uploads/thumbnail/20170708201456790_small.jpg

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда  ағартушы-публицист, саяхатшы-географ, этнограф, әдебиет зерттеушісі Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтуде.
Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отырған шараға сонау Қытай мемлекетінен, еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Қызылорда, Түркістан қалаларынан келген шығармашылық, ғылыми интеллегенция қатысып жатыр.

Таңсәріден «Менің Қазақстаным» сәулет композициясының маңына жиналған студенттер мен оқушылар қауымы қаланың басты көшелерімен жаяу жүгіріп өтсе, Шоқан Уәлихановтың Көкшетаудағы ескерткішінің маңына да ағайын көптеп келіп, гүл шоқтарын қойды.

Ескерткіш алдында  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев құттықтау сөз сөйлеп, дарынды тұлғаның еліне сіңірген зор еңбегі, ғылым, саяхатшылық жолы туралы тебірене баяндап берді.

Мерейтойлық шаралар легі одан әрі Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жалғасын тапты. Мұнда көпшілік «Өткенді ойлап бүгінгі күннің қамын жеу» деген тақырыппен Шоқанның еңбектері, ол жайлы жазылған кітаптар қойылған көрмені тамашалады. Ал, театрдың көрермендер залында өткен негізгі кездесуді философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова жүргізіп отырды. 

ҚР еңбек сіңірген əртісі, жезтаңдай əнші Бисара Мəкенова Шоқанның тойына шашу ретінде алып келген «Абылай» əнін домбырада орындап берсе, ақын апайымыз Шәмшия Айтжанова жырдан шашу шашты.

Шараға Қытайдан ат терлетіп келген қонағымыз, Қытай радиосының аға дикторы Жібек Базарбайқызы кезінде Шоқан Уəлихановтың табаны тиген Құлжа өлкесі бүгінде Қытай қазақтарының киелі шаңырағына айналғанын айта келе, көкшеліктерге шетте жүрген қандастарымыздың сəлемін жеткізді.

Халықаралық деңгейдегі марафоншы, алпыс сегіз жастағы желаяқ спортшы Әменгүлсім Мұсылманованың ақ тілектеріне де залда отырған жұртшылық разы болды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Асылбек Баяжұма Шоқанның бай мұрасын халыққа жеткізуде, әсіресе оны жастарға үйрету ісіне зор үлес қосып келе жатқаны үшін профессор Раушан Көшеноваға облыстық әкімдіктің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті. 

Сондай-ақ, бұл кездесуде «Жыл Шоқаны» байқауы жеңімпазының да есімі аталып, көпшілік назарына осы байқау қатысушылары дайындаған бейнебаян көрсетілді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи