ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде «Еңбек күні» мерекесіне орайластырылған ауқымды шара өтті.
Қарапайым жұмысшылардың еңбегін бағалау, оларға құрмет көрсету мақсатында өткізілген осынау шара барысында өз ісінің нағыз маманы болған, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек майталмандары ұлықталды.
Облыс әкімі Амандық Баталов өңір экономикасының берік іргетасын қалап, артынан орнын басар сенімді де лайықты ұрпақ өсіргендігі үшін залда жиналған еңбек ардагерлеріне алғысын білдірді. - Баршаңызды «Еңбек күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Айналамыздағы бізді қоршағанның барлығы - күнделікті, кей кездері көзге көрінбейтін, бірақта маңызды жұмыстардың нәтижесі.
Біздің қазіргі қол жеткізген жетістіктеріміз - баспалдақ іспетті. Оның әрбір баспалдағы құрылысшы, ұстаз, дәрігер, ғалым, аспазшы, сақшы, егінші, қарапайым жұмысшының еңбегімен, оның маңдай терімен құралатындай.
Бүгінгі мереке халық пен мемлекет игілігіне еңбегін сіңіріп жүрген азаматтарға үлкен алғыс, сый-құрмет көрсетудің мүмкіндігі, - деп атап өтті Амандық Баталов.
Сондай-ақ мереке аясында сөз алған Социалистік Еңбек Ерлері Күләш Айтжанова мен Анатолий Рябин, Елбасының сындарлы саясатының арқасында осындай жетістіктерге жеткендігімізді, еңбек етемін деуші әрбір азаматқа барлық жағдай жасалғандығын айтты. «Ең бастысы қай салада болмасын табысты және қажырлы еңбек ету қажет.
Біздің жүріп өткен еңбек жолымыз, еңбекке деген сүйіспеншілігіміз бен құлшынысымыз кейінгі ұрпаққа үлгі болса, Біздің басты мақсатымыздың орындалғандығы», - деді Социалистік Еңбек Ерлері.
Осы күні облыстың өсіп-өркендеуіне ерекше еңбегін сіңірген азаматтардың еңбек жолын баяндайтын бейнефильмдер мен сахналық қойылымдар көрсетіліп, әр салада жемісті еңбек еткен Алматы облысының тұрғындары мен еңбек қызметiнде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзген мамандарын марапаттау рәсімі, сондай-ақ жиналған көпшілік назарына Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының мерекелік концерттік бағдарламасы ұсынылды, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Оставить комментарий