АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Қайрат» футбол клубының әлемдік стандарттарға сай етіп салынған негізгі жаттығу базасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
«Футболды дамыту үшін оған тиісті инфрақұрылым, әдістеме және нақты даму жоспары керек. Біз «Қайрат» клубында олардың бар екендігін көріп тұрмыз. Мен көп ұзамай футболшыларымыз әлемнің ең танымал футбол біріншіліктерінде өнер көрсетеді деп сенемін», -деді салтанатты рәсімде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар қала басшысы бұқаралық спортты дамыту - ұлтың саулығына тікелей ықпал ететіндігін айтты.
«Мемлекетіміз бұл салаға үлкен мән береді. Сондықтан да елімізде ірі-ірі халықаралық жарыстар өткізіліп, халықаралық стандарттарға сай спорт нысандары салынып жатыр. Жарыстардан басқа уақыттарда оларда қала тұрғындарына арналған спорттық және мәдени шаралар өтіп тұрады. Ал мына база жеке бизнесмендердің демеушілігімен салынған. Олар осылайша елімізде спорттың дамуына өз үлестерін қосып жатыр», - деді ол.
Өз сөзінде клуб ұжымын құттықтай отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов футболдың Қазақстанда танымал ойындардың бірі екендігін және оның бұқаралық спортты дамыту ерекше орын алатындығын атап көрсетті.
Ал жаттығу базасына келер болсақ, мұнда табиғи көгалдан жасалған үш футбол алаңы және жасанды көгалдан жасалған екі футбол алаңы бар. Олардың бірі жабық түрде жасалған. Сонымен қатар, мұнда аумағы 9,5 мың шаршы метр болатын әкімшілік ғимарат салынған.
«Біз құрылыстың аяқталып, базаның қолданысқа берілгенін мақтан етеміз. Бұдан төрт жыл бұрын мұндай «база саламыз» деген идеяға ешкім сенбеп еді. Мінеки, бүгін біз футбол ардагерлеріне берген уәдемізді орындадық. Біз осы нысанмен клубтың инфрақұрылымдарын құру кезеңін толық аяқтадық. Енді бізде бұл базамен қатар, балаларға арналған үш футбол академиясы және жасөспірімдерге арналған бір мектеп-интернат жұмыс істейді» - деді өз сөзінде «Қайрат» футбол клубының Қадағалаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев.
Оның айтуынша, базаның құрылысы мен әрлеу жұмыстарына Қазақстанда жасалған табиғи материалдар қолданылған. Жаттығу кешені 12 гектар жерді алып жатыр.
«Бұл жерде, әсіресе алаңдарға көп көңіл бөлінді. Бұл жұмыстарды итальяндық және шотландық компаниялардың мамандары атқарды. Екі алаң жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал жасанды алаң бамбук өсімдігінен жасалған. Мұнда «Қайрат» командасының 22 ойыншыдан тұратын негізгі және қосалқы құрамы жаттығатын болады», -деді Қ. Боранбаев.
Айта кетелік, салтанатты шараға еліміздің футбол саласының өкілдері және «Қайрат» командасының ардагерлері қатысты.
Оставить комментарий