ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов ежелгі Тараз қалашығының аумағында тікелей эфирде көрсетілген баспасөз мәслихаты барысында қазақ мемлекеттігінің мерейтойын мерекелеуге әзірліктің соңғы қорытындылары туралы баяндады.
Оның айтуынша, мерекелік салтанаттарды өткізу белгіленген нысандардың көпшілігінде қазірдің өзінде жұмыстар аяқталды.
«Таразда мерейтойлық шараны мерекелеуді ұйымдастыруға елдің барлық өңірлері белсене қатысты. Павлодар облысы Тәуке хан көшесіндегі көпір айрығын безендірудің бірегей жобасын орындады. Қостанай және Қызылорда облыстары бірлесіп, «Қарахан» кесенесі тарихи ескерткіші жанында аллея жасады. Алматы облысы Жамбыл Жабаев атындағы алаңды абаттандыруға өз үлесін қосты, - деді ол. - Мерейтойдың әзіәрлік жұмыстарына жамбылдық кәсіпорындар, ұйымдар, жеке адамдар қатысты. Олар көшелер мен ғимараттардың қасбеттерін жөндеп абаттандырды, сондай-ақ мерекелік шаралар өткізу жоспарланған нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстарымен айналысты».
Мерейтойды өткізуге Үкімет резервінен 2,9 млрд. теңге бөлінді, деп атап өтті Е.Мәнжуов. «Қазақ хандығы» монументін, «Ежелгі Тараз» мұражайын, этномәдени орталық салуға, облыстық драма театрын күрделі жөндеуге облыс бюджетінен 768 млн. теңге жұмсалды», - деп атап өтті ол.
Қазақстанның өңірлері Тараздағы нысандарды жаңғыртуға 870 млн. теңге қаржы қосты. Біз сондай-ақ демеушілермен белсенді жұмыс жасадық, олар 860 млн. теңгедей көмек берді.
"Жұмсалған қпаражаттардың бәрі Жамбыл облысын дамытуға және халқының игілігіне, туристік кластерді дамытуға пайдаланылды", - деді ол.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары облыс орталығының қазіргі инфрақұрылымдық жай-күйі мерекелік шаралар кезінде қонақтардың жайлы тұруын қамтамасыз ететініне сендірді.
Еске сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу биылғы жылы елдің барлық өңірлерінде өтуде. Бұдан 550 жыл бұрын Жайсаң шатқалында, Талас және Шу өзендерінің аралығында Керей және Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының іргесін қалаған болатын, Жамбыл облысында, 7, 8, 9 қазан күндері осы айтулы мереке кең ауқымда аталып өтеді.
Оставить комментарий