ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы Түркістанға келді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедиция қатысушыларын Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі алдында қошеметпен қарсы алды. Еске сала кетейік, бұл ауқымды акцияның басты миссиясы - Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын насихаттап, тану негізінде қазақстандық біртектілік пен ұлттық бірлікті нығайту.
Экспедицияға өлкетанушылар, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ҚХА мүшелері және жастар көшбасшылары қатысуда.
Оңтүстікқазақстандықтар Қызылорда облысы делегациясынан эстафеталық күнделік-кітапты салтанатты түрде қабылдап алды, ол экспедиция бойындағы келесі облысқа беріліп отырылады. Бұл кітапқа республикалық экспедиция қатысушылары болған жерлерінен күнделік жазып, қызықты оқимғаларға, ел тарихына баса назар аударып отырады.
«Бұл күндері экспедиция біздің өңірде болған кезінде біз көптеген қызықты оқиғаларды қамтып жазамыз. Біз оны лайықты деректермен толықтырып, Қазақ хандығының 550 жылдығының басты шаралары өтетін Жамбыл облысына тапсырамыз», - деді республикалық экспедиция қатысушысы Кеңес Ысмайылов.
Оңтүстік Қазақстанда экспедиция 4 күн аялдайды. Осы кезде делегация Қазақ хандығының құрылуы, нығаюы және гүлденуі тарихымен байланысты бірнеше аудандарда болмақ. Мәселен, экспедиция ежелгі Түркістан қаласының тарихи-мәдени орындарында, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарында болып, ғылыми-танымдық шаралар өткізеді.
Экспедиция аясында аудандар халқымен кездесулер жоспарланған, онда тұрғындарға Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» түсіндіріледі, Қазақ хандығының тарихы мен мемлекеттіліктің бастауларына арналған әңгімелер өткізіледі.
Оставить комментарий