Алматыны дамытудың 7 бағыты

/uploads/thumbnail/20170708204015687_small.jpg

Кеше Алматы қаласының әкімдігінде Алматы қаласының 2016 – 2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының жобасы бойынша жұмысшы топтың отырысы өтті.
Өңірдің даму бағдарламасы елімізде алғаш рет көпшіліктің талқысына түсіп отыр. Кездесу барысында қала әкімі Бауыржан Байбек шаһарды әр қырынан дамытудың 7 бағытын атап, бағдарламаны жан-жақты саралап, жетілдіре түсу үшін барша халықты белсенді атсалысуға шақырды.   
Бағдарламаның дайын жобасы бүгіннен бастап көпшіліктің, яғни сарапшылардың, бизнесмендердің, үкіметтік емес ұйымдар мен қа­ла тұрғындарының талқылауы жә­не ұсыныстарын білдіруі үшін қа­ла әкімдігінің almaty.gov.kz рес­ми сай­тында жарияланады. Бір ай ішінде ұсыныстар мен то­лық­тыруларды арнайы құрылған almaty2020@a-a.kz электронды пош­тасына жіберуге болады. Бұл – Елбасының бес инс­титуттық ре­­формасы мен «Ұлт жос­пары – 100 нақ­ты қадамды» іс жү­зін­де жүзеге асыру. 
Даму бағдарламасының жоба­сын жасауға мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге қала құрылысы, сәулет, экономика және қалаларды стратегиялық жоспарлау салала­рын­­да үздік халықаралық тә­жі­­­­рибе жинаған, әлемге таны­мал «McKinsey&Company» компа­ния­сы тартылды. 
Шара барысында Даму бағ­дар­ламасын талқылауды және то­лықтыруды қамтамасыз ете­тін, құрамына ірі үкіметтік емес ұйымдардың, қаржы инсти­тут­тарының өкілдері, салалық қо­ғам­дастықтардың басшылары, қо­ғам қайраткерлері, түрлі сарап­шылар енетін Қоғамдық кеңес құ­рылатындығы айтылды. 
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарынан бастап қолдау көр­сетуінің арқасында Алматы бү­гінде әлеуеті мол, еліміздің аса ірі экономикалық орталығы бо­лып қалыптасты. Қала бүгінде елі­міздің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын, салық түсімдерінің 28 пайызын және сауданың 41 пайы­зын қамтамасыз етеді. 2014 жыл­дың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ай­мақтық өнім 29 мың доллар бол­ды. Бұл Орталық және Шығыс Еу­ропа елдерінің астаналары мен ірі қалаларының деңгейіне тең екенін көрсетеді. Өнім көлемі бойынша Алматы Өзбекстанмен теңессе, Қыр­­ғызстан мен Тәжікстаннан 5 есе алда. Дей тұрғанмен, әлем қа­ла­ларының даму деңгейіне сай болу біз­ден батыл қадамдарды талап етіп отыр. Сондай-ақ урбанизация – қазіргі адамзат дамуының ең бас­ты үрдісі. Мәселен, 2008 жылы әлемде қала тұрғындарының саны ауыл тұрғындарының санымен тең болса, 2050 жылы Біріккен Ұлт­тар Ұйымының болжамынша, жер шарының 85 пайызы қала­лық­тар болады екен. Яғни қазір­гі бәсекелестік, ең алдымен – қа­­лааралық бәсекелестік. Ел­ба­­сымыз «Қазақстан – 2050» стра­те­­гиясында еліміздің әлемнің бә­секеге қабілетті 30 мемлекетінің қа­тарына ену міндетін қойып отыр. Осы үлкен межеге жету үшін қа­зір кешенді жұмыстар жүргізіліп жа­тыр, – дейді әкім Бауыржан Бай­бек. 
Әкімнің айтуынша, ұлттық жос­пар қадамдарымен ұштастыра жа­салған бұл бағдарлама Алма­ты­ның дамуына жаңа дем бермек. Ба­ғ­дарламаның мақсаты – Алма­ты­ны әлемдік деңгейдегі заманауи қа­лаға, яғни жүк тасымалы, ин­но­вациялық бизнесті дамытып, ка­питал мен туристерді өзіне тар­та білетін және тұрғындар үшін еңбек етуге қолайлы ортаға ай­налдыру. Бұл мақсатқа жету үшін халықтық 5 реформамен біте қайнасқан негізгі бес принцип басшылыққа алынбақ. Олар: әрбір адамға қамқорлық көрсету, озық тәжірибелердің негізінде тиімді эко­номикалық шешімдер қабылдау, экономиканың қозғаушы күші ретінде бизнесті ынталандыру, аза­маттық қоғамды барынша қа­тыстыру, басқару органдарының есеп беруі мен ашықтықты ұс­тануы. Осы принциптердің негі­зін­де «McKinsey&Company» ком­паниясы және басқа да өкілдердің қатысуымен, халықаралық тәжі­ри­бе негізінде «Алматы – 2020» бағ­дарламасында дамудың 7 бағыты айқындалған. 
– Біріншіден, Алматы өмір сү­ру­ге жайлы қала болуы ке­рек. Екін­шіден, қауіпсіз, үшіншіден, әлеуметтік салаға бет бұрған қала болғаны жөн. Төртіншіден, эко­номикалық тұрғыдан тұрақты, бе­сіншіден, бизнес пен жеке ка­пи­талдың қаласы болуы тиіс. Ал­тыншыдан, интеграцияланған, яғни бар­лық аумақтар біркелкі дамыған, халықаралық қатынастарда орны мығым, жетіншіден, тұрғындары белсенді қала болуы қажет. Осы ба­сымдықтарды табанды түрде жү­зеге асыру – алдағы бес жылда қа­ламызға айтарлықтай оң өзгерістер алып келеді деп сенеміз. Кез кел­ген маңызды құжат қоғамда кеңі­нен талқылануы керек. Бұл зайыр­лы мемлекет пен толысқан қо­ғамның үрдісі. Бес халықтық ре­форманың негізгі қағидаты – ашық­тық. Алдағы бір ай көлемінде қа­ла­мыз­дың белсенді топтарымен, яғ­ни бизнес өкілдерімен, қар­жы­герлермен, қоғамдық ұйымдармен, ғалымдармен, жалпы, зиялы қа­уым­мен, жастармен және басқала­ры­мен арнайы кездесулер өткізіп, құ­жатты талқылайтын боламыз, – деді әкім.
Бағдарламаны жүзеге асыру­дың негізі – бес институттық ре­фор­­ма мен «100 нақты қадам». Қа­зір парламентте аймақтың және еліміздегі бизнестің дамуы үшін кәс­іби ортаны өзгертетін 57 заң жо­басы қарастырылуда. 
– Соңғы бес жылда Алматы хал­қының саны 3 пайызға артты жә­не территория екі есеге ұлғайды. Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдар ны­сан­дары салынып жатқанын бі­лесіздер, Алматыда халықаралық аэ­ропорт салу туралы шешім қа­­былданды. Яғни болашақта Ал­маты халықаралық көлік-ло­гистикалық орталық ретінде қа­лыптасуы керек. Жалпы, Алматы эко­номикасының құрылымы ең үздік мегаполистердің мә­де­­ниетімен сәйкес келеді. Қа­зақ­стандағы «стартаперлердің» ша­мамен 90 пайызы Алматыда тұра­ды. Алматы қаржы орталығы жә­не екінші деңгейлі банктер осы қалада қалатынын Елбасы да айтты. Сондай-ақ  2017 жылы Уни­версиада өткізуіміз – Алатау ау­данында жаңа спорттық құры­лым­дардың салынуына, ауданның жаңа­дан қалыптасуына септігін тигізеді. Қазір біз Наурызбай ауданында за­ма­науи емхана, мектеп, ба­ла­бақшалар салу, әлеуметтік инф­­рақұрылымдар, спорттық алаң­дар құруға 17 миллиард теңгеге ме­морандумға қол қойдық. Ал­дымызға қойып отырған мақсат­тарымызға қол жеткізуіміз үшін келеңсіз жағдайларға, әсіресе, жем­қорлыққа жол бермеуіміз ке­­рек. Бұл біздің елдің ғана проб­ле­масы емес, жемқорлық әлем эко­номикасына жыл сайын 2-3 триллион доллар залал келті­ре­ді екен. Еуропалық Одақ жем­қор­лықтан жыл сайын 120 мил­лиард евро жоғалтады. Бұл бар­лық мемлекетке кесір тигізетін әлеу­меттік кесел деуге болады. Сон­­дықтан мұнымен күресуді тоқ­татпауымыз қажет, – деді Бауыр­жан Байбек.
«GlobalFinancialTimes»-тің ба­ғалауы бойынша Алматы ин­вестициялық тартымдылығы бойын­ша 83 қаланың арасынан әлемдік рейтингте 51-орынды ие­ленеді, ал «FinancialPost» баспа­сының деректері бойынша қала экономикасы барынша қарқынды дамушы 96 қаланың ішінен Топ-10 қаланың құрамына енген. 
Беделді The Economist бас­ылы­мының сарапшылары бер­ген ба­­ғасына сәйкес, 2025 жылға қа­­рай Алматы капиталды, тех­но­­ло­гиялар мен білікті ма­ман­дар­ды тарту бойынша әлем­­де­гі бәсекеге қабілетті жүз қа­­­ла­ның құрамына енбек. Де­ген­­мен бүгінде ме­га­по­листің проб­­лемалық тұстары да жет­кі­лікті. Мәселен, қылмыстық жағ­дайлардың өсуі, едәуір көші-қон қысымы, қолайсыз экология, автожолдардың бос еместігі, ТКШ-инфрақұрылымының тозуы, қала аудандары дамуының әрқилылығы, халық­тың тұрғын үймен толықтай қам­тылмауы, жұмыссыздықтың жо­ғары үлесі, жергілікті органдардың жеткіліксіз үйлесімділігі. Мысалы, қалаға күн сайын Алматы облы­сынан 250 мың автокөлік келіп, кетеді екен. Көліктің мұндай ағыны жолдардың кептелісін туғызатыны анық. Сондықтан бұл шешілуі тиіс негізгі мәселенің бірі. 
Осы мәселелерді ескере оты­рып, көпшіліктің талқы­лауы­нан өткен бағдарлама дайын болғаннан кейін, 2016 жылдың бюджеті қолға алынбақ.
– Шынымен, қазір қала дең­гейінің рөлі артып келеді. Да­мыған 30 елдің қатарына кіру­дің талаптарының бірі – қала­лық агломерацияны және әлем­­­­дік деңгейдегі қалаларды да­мыту. Әлемдік деңгейдегі қа­ла атануға Қазақстандағы Ал­ма­ты, Астана қалаларының мүм­кін­діктері мол деп ойлаймын, – дейді «McKinsey&Company» ком­паниясының өкілі Сергей Киселев.
Енді, Алматы тұрғындары бір ай ішін­де «қаланың басты ресурсы – адамдар, олардың ақылы мен шы­ғармашылық қабілеті» деп көр­сетілген «Алматы – 2020» Да­му бағдарламасын талқылауға бел­сенді түрде қатыса алады. 

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Связанные Статьи