РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ТАРАУЫНА ЗАҢМЕН ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170708204206969_small.JPG

Жаңа жылдан кейін елімізде көрсетілетін шетелдік телеарналар жабылуы мүмкін. Себебі, депутаттар «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның №34 - бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Ал, күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңға қол қойды. Демек, осы заңның арқасында шетелдік телеарналардың ел аумағында жарнама таратуына бұдан былай тыйым салады. Бұл әрине отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өсіп-өркендеуіне үлкен мүмкіндік болып отыр.

Шет елдік телеарналардың ел аумағында таратылуына тиым салу туралы әңгіме бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алайда, бұған дейін Үкімет ақпараттық қауіпсіздікке жүрдім-бардым қарап, назар аудармай келген болатын. Енді міне, бірінеше жыл бойы көтеріліп келген мәселе оңынан шешілді. Өйткені, аталған заңның арқасында отандық БАҚ-тың бағы ашылғалы отыр. Мәселен, «31 - арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметовтың айтуынша жарнамаға тыйым салғаннан кейін отандық телеарналарға қосымша 3-4 миллиард теңге түседі. Аталған қаржыға ол кем дегенде 1000 сағат телесериал түсіруге болады деген пікірде. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы Ресейде 1800, ал елімізде небәрі 200 сағаттық телесериал түсірілген. Ал, енді аталған заңның арқасында Ресейді басып озбасақ та жағдаймызды жақсартып алар едік.

Алайда, президент қол қойған №34 баптың пайдасы анау айтқандай керемет болмайды деп есептейтін азаматтар да баршылық. Солардың бірі белгілі журналист Серік Ерғали. Оның айтуынша, қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары  өзінің сыбағасы үшін күреспей шарасыздық көрсетіп отыр.

Менің ойымша, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына аталған заңның пайдасы болуы неғайбыл. Өйткені, шетел телеарналары елдегі жарнаманы негізінен орыс тілінде береді. Ал, қазақша жарнама негізінен аударма арқылы жасалып көрерменге көрсетіледі. Сондай-ақ, газет-журналға берілетін жарнаманың барлығы дерлік орыс тілді журналистердің қолында. Жалпы, жағдайдың бұлай болуына ең алдымен қазақ БАҚ-тары кінәлі. Өйткені, олар медиалық ортадағы өз үлестерін саяси, әлеуметтік және қаржылай қорғай алмай отыр. Егер де заңда әрбір жарнама беруші жарнамасын мемлекеттік тілде беруге міндетті делінсе немесе сол бапты қазақ БАҚ-тары заңға енгізе алса, пайда сонда болар еді. Өкінішке қарай, қазақ бұқаралық ақпарат  құралдары лобби жасай алмай отыр. Тіпті кейбір БАҚ басшылары лобби дегеннің не екенін де білмейді, – дейді Серік Ерғали.

Шынында да, егер заңға әрбір жарнама беруші жарнамасын мемлекеттік тілде беруге міндетті деген бап енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда, мұндай бапты енгізу қазақ БАҚ-тарының қолынан келмей отыр. Дегенмен, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның №34 бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізудің өзі үлкен жаңалық. Өйткені, аталған заңның арқасында бұдан былай ресейлік телеарналардың ел аумағында жарнама таратуына тыйым салады. Яғни, телехабар таратушылар шетелдік, оның ішінде Ресейлік телеарналарды көрсеткен кезде ондағы жарнамаларды қиып тастауға немесе ол арналарды таратуды тоқтатуға мәжбүр болады. Ондай теларадиохабарларын кесу құрылғылары әр арна үшін 1-1,5 миллион теңгені қажет етеді. Бір операторға шамамен 60 миллион теңгедей шығын шығатын көрінеді. Соған қарағанда, кабельдік хабар таратушы операторлар келер жылы шетелдік арналарды таратудан жаппай бас тарта бастайтын секілді.

Бәрімізге белгілі елімізде қызмет көрсететін шет елдік телеарнаның басым бөлігі Ресейдің БАҚ болып есептеледі. Егер ресейлік телеарналар заңда көрсетілген бапқа құлақ аспаса өз жұмысын Қазақ елінде тоқтатады.

Негізі, билік ресейлік телеарналардың ел аумағында тартатуға қарсы болып отыр. Өйткені бұған дейін Бас прокуратура Үкіметке елімізде тіркеуден өтпеген шет елдік телеарналардың хабар таратуына тыйым салуды  ұсынған болатын. Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың айтуынша, ресейлік телеарналардың мемлекеттік органға тіркелмей қызмет көрсетуі алаңдатарлық жағдай. Сондықтан да, ол алдағы уақытта арнайы заң қабылдап, нақты әрекет кету керек деген болатын. Енді міне аталған заң қабылданып, өз күшіне енді. Ал, енді билік осы заң талабын ұтымды қолданып, елімізде ақпараттық экспансия жүргізіп отырған, заң-зәкүнге жүрдім-бардым қарайтын ресейлік телеарналардың аяғына тұсау сала алса игі дейік!

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана 

Связанные Статьи