Әкімдер жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартуға деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны биыл да ұсата алмады. Жыл аяқталып қалғанымен қазынаның бір жарым триллион теңгесі әлі сол күйі қозғалмаған. Салдарынан мыңдаған отбасы баспанасыз қалды.
Ал қаншама үй, жылу, жарық, суға жарымай отыр. Үкіметтегілер жергілікті биліктің бұл әрекетін алаяқтыққа теңеді. Бұл туралы "Қамшы" порталы КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бұл жолы да халықтың жағдайын жақсарту үшін бөлінген ақшаның 60 пайызы ғана игеріліпті. Әкімдер сонда да тойымсыз деп шүйлікті үкіметтегілер.
“Биыл бюджетті жоспарлағанда аймақтар сұраған қаржыны 2 триллион теңгеге қысқарттық. Әкімдердің қолын биыл қайтарсаң, келесі жылы қайта өтініш жазады”, – дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Бірақ сол әкімдер бар ақшаны ұсата аламай отыр. Мәселен, баспана салу үшін биыл қазынадан 140 миллиард теңге бөлініпті. Соны шенеуніктер орынды жұмсай алмаған. Салдарынан қаншама отбасы үйсіз жүр.
“Жалға берілетін үйдің құрылысына келсек, бюджеттен бөлінген 92 миллиард теңгенің тек 51 миллиарды игерілген. Ал, құрылысы бұрын басталған жобаларды аяқтау үшін 30 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, бұл салада 355 миллион теңге игерілмей қалалады деген қауіп бар”, – дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, жұртты жұмыспен қамту бағдарламасына, жылу жүйесі мен су құбырларын жаңартуға бөлінген қаржы да желге ұшқан. Әсіресе, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы жағдай сын көтермейді. Ең сорақысы қара тізімді Астана бастап тұр. Елордадағы шенеуніктер 7 миллиардқа жуық теңгені ұсата алмапты.
Бюджет қаржысының орынды жұмсалуына қатысты Бас прокуратура да тексеру жүргізген екен. Құзырлы органның мәліметін көріп, жағамды ұстадым дейді Дариға Назарбаева.
“Тексерудің нәтижесінде көптеген заңбұзушылық анықталған. Бұл дегеніміз қазына қаржысын ысырап ету, алаяқтық. Жергілікті билік жауап беруі тиіс. Қазір облыстарда жеті мемлекеттің бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бағытта бөлінген ақша да сол әкімдердің қолында”, – деді премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева.
Әкімдер бар ақшаны далаға шашып жатса, мұнай өңдейтін зауыттарды жөндеу жұмыстарына ақша жетпей жатыр. Қаржының тапшылығынан Атырау мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынды жаңарту кейінге қалдырылуы мүмкін. Яғни үкіметтің 2017 жылы жанармайдан тапшылығынан құтыламыз деген уәдесі де сөз жүзінде қалмақ. Ал, қара алтын құнының құлдырауынан келесі жылы 47 мың мұнайшы жұмыстан қысқарып қалуы мүмкін.
“Қазір бізде ақша тапшы, бәріне жетпей жатыр. Сондықтан мемлекеттің әр тиынын есептеп, үнемдеуіміз керек”, – дейді премьер-министр Кәрім Мәсімов.
Сонымен, бюджеттен бөлініп қойған 1 жарым триллион теңге игерілмей бос жатыр. Сын естіген шенеуніктер қыруар қаржыны небары бір жарым айдың ішін орынды жұмсап үлгереміз деп сендіріп отыр. Ал ұзақ үзілістен кейін министр мен әкімдерді 4 сағат бойы сілкіген Кәрім Мәсімов 8-ші желтоқсанға дейін екі маңызды құжат: жұртты жұмыспен қамту және дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қабылдап үлгеруге тапсырма берді.