Елімізде инвесторлар тартумен және инвестициялық климатты жетілдірумен айналысатын жаңа мемлекеттік орган құрылуы мүмкін. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
«Әкімдіктер мен бизнес өкілдері қатысқан Үкімет отырысында инвестициялық климат мәселелерін талқыладық. Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар дүйсенбіге дейін жаңа мемлекеттік орган немесе басқа формадағы – агенттік яки акционерлік қоғам түріндегі ұйым құруға қатысты ұсыныстарды енгізу туралы тапсырма берді. ол ұсыныстарды біз сосын Елбасыға енгіземіз» деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгін мәжілістің пленарлық отырысында.
Б. Сағынтаев инвестициялық ахуалды жетілдірудің еліміз үшін маңызды екенін баса айтты. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанға 200 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған және 2014 жылдың қорытындысы бойынша еліміз инвестиция тартушы үздік 30 мемлекет қатарына енген.