«Алматы көлік холдингі» кімді алдайды?

/uploads/thumbnail/20170708204535238_small.jpg

Өткен аптада Алматы автобустарына орнатылып жатқан «Оңай» электрондық жүйесінің құрылғылары қазақша «сөйлейтін» болды деп ақпарат құралдары жарыса жазды. Осыған жауапты мекеме басшылары электронды билеттендіруге арналған құрылғылардағы «Жолақысын төлеу үшін картаны қойыңыз» және «Карта туралы ақпарат» деген ақпараттардың қазақшаланғанын жерден жеті қоян тапқандай жариялады.

Жағымды жаңалықты естігенімізге міне, бір апта уақыт өтті. Алайда, сол «жаңалықты» көзбен көре алмай келеміз. Өзім күн сайын Төле би даңғылы бойымен жүретін өоғамдық көліктерге жиі отырамын. Нақты айтар болсам, 16, 126-бағыттағы автобустардың тұрақты жолаушысымын. Сабаққа шыққанда, оқудан қайтқанда картам болмаса да «Оңай» құрылғысына бір көз саламын. Сол қалпы. «Приложите карту» мен «Информация о карте» деген орыс тіліндегі мәліметтерден басқа түк жоқ.

«Бармақ астынан кір іздеу» жақсы қасиет емес, әрине. Бірақ, осы «Оңайды» енгізушілерді ешкім тілінен тартқан жоқ. Жаңа илеттендіру жүйесі қазақшаланды деп өздері сүйіншілеп хабарлады емес пе?! Айтылған уәде орындалуы керек қой. Кезінде валидаторлар беретін билет-чектер де сол қалпы қазақшаланбай кеткен еді. «Алматы көлік холдигі» мекемесінің осы әрекетінен кейін бұл да соның аяғын құша ма деген қауіп келеді көңілге. 

Ақнұр Жақсылық

студент

 

Связанные Статьи